
– Полицияға көпқабатты тұрғын үйлердің тұрғындарынан күндіз ғана емес, түнгі уақытта да көліктерінде музыканы қатты дауыспен тыңдап, айналасындағыларға қолайсыздық келтіретін жүргізушілерге қатысты шағымдар жиі түседі, – деп хабарлайды Павлодар облысының Полиция департаменті.
Мәселен, сағат 01:23:29-да полицияға Сәтбаев көшесі, 59-үйдің тұрғындарынан белгісіз адамдардың автокөлікте музыканы барынша қатты қосып қойғаны туралы қоңырау түскен, – деп хабарлайды Павлодар облысы ПД баспасөз қызметі.
– Қатты музыка көпқабатты үйлердің тұрғындарының тынығуына кедергі келтіреді. Көлік иелері түн ортасында музыкалық жүйелерін барынша қатты қосып, бізге қолайсыздық туғызады. Ұйықтай алмаймыз, ал таңертең барлығымыз жұмысқа тұруымыз керек, – деп түсіндірді қоңырау шалушы.
Сол түні полицияға Лермонтов, Камзин және Горький көшелеріндегі үйлердің тұрғындарынан да осындай шағымдар түскен.
Барлық дерек бойынша тыныштықты бұзған «түнгі әуесқойларға» келген тәртіп сақшылары әкімшілік хаттама толтырып, айыппұл салды.
Сонымен қатар тәртіп сақшылары профилактикалық әңгіме жүргізіп, мұндай әрекеттерге жол берілмейтінін және тұрғындардың түнгі тыныштығына құрметпен қарау қажеттігін түсіндірді.
Полиция қызметкерлері тұрғын аудандарда музыканы қатты қою айналадағы адамдарға елеулі қолайсыздық тудыратынын және жауапкершілікке әкеп соғуы мүмкін екенін еске салды. Қала тұрғындарына мұндай жағдайларды назардан тыс қалдырмай, осындай құқық бұзушылықтарға куә болған жағдайда полицияға жүгіну ұсынылды.
Айта кетейік, жыл басынан бері тыныштықты бұзғаны үшін Ертіс өңірінің 4847 тұрғыны жауапкершілікке тартылды.








