
Абай облысы Полиция департаментінде қылмыстық процесте заманауи технологияларды тиімді пайдалану мәселелеріне арналған дөңгелек үстел өтті. Кездесудің негізгі тақырыбы – күдіктілерге қатысты электрондық бақылау құралдарын практикалық қолдану және олардың мүмкіндіктерін полиция қызметіне одан әрі енгізу.
Жиынға Абай облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары полиция полковнигі Елдос Закимов, Тергеу басқармасының бастығы полиция полковнигі Сұңғат Әділбеков және «SAVANA Group» ЖШС өкілі Сергей Шин қатысты.
Талқылау барысында тергеу органдарының күнделікті қызметінде электрондық бақылау құралдарын қолданудың практикалық жағы қаралды. Атап айтқанда, заманауи технологиялардың бақылау тиімділігін арттырудағы мүмкіндіктері, оларды пайдалану тетіктері және құқық қорғау органдары мен технологиялық компаниялар арасындағы өзара іс-қимылды жетілдіру жолдары сөз болды.
Электрондық бақылау құралдары – құқықтық талаптарды сақтай отырып, бақылау үдерісін неғұрлым жүйелі әрі тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік беретін заманауи шешімдердің бірі. Осы бағыттағы технологияларды жетілдіру полиция қызметінің тиімділігін арттырумен қатар, тергеу барысында қолданылатын заманауи цифрлық құралдардың аясын кеңейтуге мүмкіндік береді.
Кездесу барысында тараптар өзара тәжірибе алмасып, озық технологиялық шешімдерді құқық қорғау саласына енгізудің перспективаларын талқылады. Мұндай форматтағы кездесулер практикалық тәжірибені ұштастырып, қауіпсіздік саласындағы цифрлық мүмкіндіктерді тиімді пайдалануға жол ашады.
Абай облысының Полиция департаменті үшін заманауи технологияларды қызметтік міндеттерді орындауға енгізу – жұмыстың сапасы мен жеделдігін арттыруға бағытталған маңызды басымдықтардың бірі.









