
Құрметті ұстаздар! Қадірменді оқу-ағарту саласының ардагерлері!
Сіздерді Ұстаздар күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!
Ісімен де, жайдары жүзімен де ұстаз есімі қашанда шәкіртінің жүрегінде мәңгі сақталады. Жалпы ұстаздар қауымы жайында халқымыздың хас батыры, даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының: «Ұстаздық – ұлық емес, ұлы қызмет. Себебі, ұрпақты ұстаз тәрбиелейді. Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіреді. Өмірге ұрпақ әкелген аналарды қалай ардақтасақ, сол ұрпақты ары қарай тәрбиелеп, білім беретін ұстаздарды да сондай ардақтауға міндеттіміз» деген сөзі бар.
Ұстаздың адамзат өміріндегі алатын орны туралы Шығыстың ұлы ойшылы Әбу Насыр әл-Фараби бабамыздан бастап, одан берідегі Алаш арыстарының айтып, кейінгі ұрпаққа жазып қалдырған даналық сөздері аз емес. Міне, осындай ұстаз даналығын бойына сіңіріп өскен ұрпақ та жаман болмауға тиісті. «Адам ұрпағымен мың жасайды» дейтін халық даналығына сүйенер болсақ, сол ұрпақты саналы да сапалы етіп тәрбиелеп, білім беретін адам – ұстаз. Сондықтан ұстазға қаншалықты құрмет жасасақ та артық етпейді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Мұғалімнің мәртебесі қашанда бәрінен биік. Ұлы тұлғалардың өзі ұстазының алдында шәкірт болып қала береді. Ұлттың болашағы – ұстаздың қолында, - деп атап өтті.
Білім бөліміне қарасты жалпы 47 мекеме, оның ішінде 26 мектеп, 9 қосымша білім беру ұйымдары, 11 балабақша және 1 Психологиялық педагогикалық түзету кабинеті жұмыс жасайды. Аудан бойынша барлығы – 1734 педагог бар. Мектептерде-1296, қосымша білім беру-233, арнайы мекеме-14, бөбейжай -бақшаларында-191 педагог қызмет етуде. Педагогтердің 72,3 пайызы біліктілік санатына ие. Олардың қатарында 3 педагог- шебер, 317 педагог- зерттеуші, 402 педагог- сарапшы және 533 педагог -модератор еңбек етіп, білім беру сапасын арттыруға сүбелі үлес қосуда.
Құрметті ұстаздар!
Қандай кезең болса да мемлелкет үшін де, қоғам үшін де ұстаз қашанда ұстаз болып қала береді. Сіздердің балаларға берген тәлімі мол тәрбиелеріңіз əр оқушының жан дүниесін ерекше нұрландырып, жүрегіне шапағат нұрын төгуде. Мұғалімнен өнеге-білім алып, өмір теңізіне құлаш ұрған кез келген шəкірт ұстазымен мақтанады. «Мектептің жүрегі», «Бала жанының бағбаны»… Иə, бұл сөздердің барлығы мектеп мұғалімі, ұстаздарға арналған теңеулер. Мұндай мадақтауларды жалғастыра берсек, даналық сөздер тізбегі өте көп. Қоңыр күздің жайма-шуақ күнінде ұстаздардың мерейлі мерекесінде дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық, істеріңізге сəттілік тілеймін. Қазіргі жаңа заманға сай алғыр да дарынды шәкірт тәрбиелей берулеріңізге шын жүректен тілектеспін!









