
«Таза Қазақстан» аясында Абай облысы Полиция департаментінің қызметкерлері қалалар мен елді мекендер аумақтарын абаттандыру ережелерінің сақталуына бағытталған рейдтік және профилактикалық іс-шараларды тұрақты түрде өткізуде.
Жыл басынан бері облыс аумағында 2 670-нен астам рейдтік іс-шара өткізіліп, оның барысында 10 979 құқық бұзушылықтың жолы кесілді.
Олардың ішінде елді мекендерді абаттандыру ережелерін бұзудың 9 227 фактісі, сондай-ақ ортақ пайдаланылатын орындарды ластаудың 904 фактісі бар.
Сондай-ақ, тазалық талаптарын бұзғандарға жалпы сомасы 45 млн 009мың 410 теңге көлемінде салынды.
Құқық бұзушылықтарды анықтауда бейнебақылау камералары маңызды рөл атқарады. Олардың көмегімен ортақ пайдаланылатын орындарды ластауға байланысты 1 330 құқық бұзушылық анықталды. Барлық анықталған құқық бұзушылар жауапкершілікке тартылды.
Жүргізіліп жатқан жұмыстар тек құқық бұзушылықтарды анықтауға ғана емес, сонымен қатар тұрғындардың қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауын қалыптастыруға бағытталған. Тұрғындар мен кәсіпкерлер арасында іргелес аумақтардың тазалығы мен тәртібін сақтау қажеттілігі туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
Абай облысының Полиция департаменті азаматтарды тазалық пен тәртіпті сақтауға, қоршаған ортаға ұқыпты қарауға, қоғамдық орындарды ластауға және рұқсат етілмеген қоқыс орындарының пайда болуына жол бермеуге шақырады.









