Алматыда Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстаннан келген 12 шығармашылық дуэттің басын қосқан III халықаралық «Екі жұлдыз» ән фестивалі өтті. Іс-шара қала әкімдігінің қолдауымен «Алатау» дәстүрлі өнер театрында ұйымдастырылып, Қазақстан Тәуелсіздігінің 35 жылдығына арналды.
Фестиваль зағип және нашар көретін өнерпаздар арасында өткізіліп, инклюзивті шығармашылықты дамытуға және қазақ ән өнерін кеңінен насихаттауға бағытталған.
Байқауға Алматы және Астана қалаларынан, Қарағанды, Қызылорда, Жетісу, Түркістан және Абай облыстарынан, сондай-ақ көршілес үш мемлекеттен келген өнерпаздар қатысты.
Қатысушылардың өнерін әнші әрі актриса Сандуғаш Стамғазиева, Қазақстанның мәдениет қайраткері, фестиваль директоры Ғазизхан Әділханов және шығармашылық саланың өзге де өкілдерінен құралған кәсіби қазылар алқасы бағалады.
Екі кезеңнен тұратын байқаудың қорытындысы бойынша семейлік Медетбек Қырым мен Айсұлу Серік бас жүлдені иеленді. Бірінші орын Мұрат Сұлтан мен Эмина Высочинскаяға, екінші орын Бағдәулет Құрал мен Қасымхан Тәңірбергенге бұйырды. Үшінші орынды Талдықорған қаласынан келген Алғысбек Дәуен мен Нұрдана Арғын иеленді.
Биыл үшінші рет өткізіліп отырған «Екі жұлдыз» фестивалі зағип және нашар көретін өнерпаздарға шығармашылығын халықаралық деңгейде таныстыруға, тәжірибе алмасуға және орындаушылық шеберлігін шыңдауға мүмкіндік береді.
Іс-шара соңында қатысушылар фестивальді ұйымдастырғаны үшін жоба авторлары әрі ұйымдастырушылары Бәтима Сағынғалиева мен Нұрбек Сағынғалиға алғыс білдірді.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.








