Бүгінгі жұмыс аралауы барысында Тоғыс тұрғын алабындағы «Қазығұрт» мәдениет үйінде күрделі жөндеу жұмыстарының барысы қаралды. Қазіргі таңда нысан ішінде әрлеу жұмыстары атқарылуда. Сонымен қатар, ғимарат алдындағы монументалды тақта жаңартылуда. Мәдениет үйіндегі күрделі жөндеу жұмыстары келесі жылға өтпелі нысандар қатарында.
Ал Айнатас тұрғын алабында «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында тағы бір қоғамдық кеңістік бой көтеруде. Мұнда тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізуіне арналған демалыс орны жасақталып, әткеншектер, орындықтар мен заманауи жарықтандыру жүйелері орнатылады. Нәтижесінде аумақ тұрғындардың бас қосып, тынығуына қолайлы ортаға айналмақ.
Елтай тұрғын алабында канал арнасын бетондау жұмыстары аяқталуға жақын. Қазіргі уақытта каналдың негізгі бөлігі бетонмен қапталып, қоршау жұмыстары жүргізілді. Жаяу жүргіншілерге арналған өткелдер салынып, каналдың айналасы асфальтталды. Бүгінде нөсер және ағын суларды каналға бағыттайтын ирригациялық арықтарды кеңейту жұмыстары атқарылуда.
Аралау барысында аталған нысандардан бөлек, аумақтағы өзге де инфрақұрылымдық жұмыстардың жай-күйі назарға алынды.