Түркістан облысында өндірісті дамытуға, инвестиция тартуға және терең өңдеу саласын өркендетуге басымдық берілген. Өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тұрақты бақылауында.
Атқарылған жұмыстар нәтижесінде 2026 жылдың қаңтар-қазан айларының қорытындысы бойынша Түркістан облысында әлеуметтік-экономикалық дамудың оң динамикасы сақталды. Негізгі макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша жоспарлы межелер орындалып, өңірдің қысқа мерзімді экономикалық индикаторы 117,6 пайызды құрады. Бұл көрсеткіш бойынша облыс республикада бірінші орынға шықты.
Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Қанат Қайыпбектің төрағалығымен өткен мәжілісте айтылды. Жиында өңірдің негізгі экономикалық көрсеткіштері сараланып, жоспарлы межелерге қол жеткізу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар талқыланды.
Қанат Қайыпбек жоспарлы көрсеткіштерге қол жеткізе алмаған аудан және қала әкімдіктерінің жұмысына қатысты сын-ескертпелер айтып, экономикалық өсімді қамтамасыз ету, инвестициялық жобаларды уақтылы іске асыру және негізгі салалардағы межелі көрсеткіштерді орындау бойынша жауапты басшыларға нақты тапсырмалар берді.
Жиында облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары Арайлым Жаңабайдың баяндамасы тыңдалды. Оның мәлімдеуінше, есепті кезеңде өнеркәсіп өнімінің көлемі 1,5 трлн теңгеге жетіп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 123,8 пайызды құрады. Оның ішінде өңдеу өнеркәсібінде 763,7 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, өсім 133,4 пайызға жетті. Ал тау-кен өнеркәсібінің көлемі 644,2 млрд теңгені құрап, өсім 116,6 пайыз деңгейінде қалыптасты.
Ауыл шаруашылығы саласында 1,3 трлн теңгенің өнімі өндіріліп, өсім 107 пайызды құрады. Оның ішінде мал шаруашылығында 458 млрд теңгенің, өсімдік шаруашылығында 784,9 млрд теңгенің өнімі өндірілді.
Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 1,5 трлн теңгеге жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 113 пайызды құрады. Құрылыс жұмыстарының көлемі 586 млрд теңгеге жетіп, өсім 120,6 пайыз деңгейінде қалыптасты. Сонымен қатар 988,5 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді.
Сауда саласының көлемі 957,4 млрд теңгені құрап, өсім 127,1 пайызға жетті. Көлік және қоймалау қызметтерінің көлемі 269,4 млрд теңгені құрап, 111,3 пайызға артты. Байланыс қызметтерінің көлемі қазан айында 11 млрд теңгеге жетіп, өсім 111,6 пайызды құрады.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









