Өңірлік инвестициялық штабтың көшпелі отырысы аясында аймақ басшысы Нариман Төреғалиев пен облыс прокуроры Нұрбек Ұласбекұлы «Синтез Орал» ЖШС-ның өндірістік алаңында болды.
Жалпы құны 6 млрд теңгені құрайтын инвестициялық жоба 2023–2025 жылдары жүзеге асырылған. Бүгінде құрылыс және іске қосу жұмыстары толық аяқталып, қажетті лицензиялар алынған. Қазіргі уақытта кәсіпорынды отандық тауар өндіруші ретінде тіркеу жұмыстары жүргізілуде.
Кәсіпорын газ өндіру және өңдеу саласына қажетті химиялық қоспалар шығаруға маманданған. Аталған өнімдер кен орындары мен газ өңдеу зауыттарында табиғи газды зиянды қоспалардан тазарту үшін қолданылады.
Өндірістің жобалық қуаттылығы жылына 20 мың тоннаны құрайды. Қазір мұнда 22 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Толық қуатына шыққан кезде қызметкерлер санын 30–35 адамға дейін жеткізу көзделген.
Сапар барысында аймақ басшысы технологиялық жабдықтармен және кәсіпорынның ғылыми зертханасымен танысты. Мұнда шығарылатын өнімнің сапасы мен химиялық құрамы зерттеледі.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев экономиканы әртараптандыру, өңдеу өнеркәсібін дамыту жөнінде нақты міндеттер жүктеді. Мұнай-газ саласы дамыған өңірімізде химия өнеркәсібін өркендетуге мол мүмкіндік бар. Осындай жобаларды жүзеге асыру арқылы импортқа тәуелділікті азайтып, отандық тауар өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігін арттыра аламыз. Сондықтан инвесторлардың бастамаларын қолдап, олардың қызметіне қолайлы жағдай жасауымыз қажет, – деді Нариман Төреғалиев.
Кездесу барысында кәсіпорынның инфрақұрылымдық мәселелері де қаралды. Облыс әкімі қала басшылығына өндірістік нысанға апаратын жолды ретке келтіру және электр энергиясымен қамтамасыз ету мәселелерін шешу жөнінде нақты тапсырмалар берді.
БҚО әкімінің баспасөз қызметі
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









