Өңірлік инвестициялық штабтың көшпелі отырысы аясында аймақ басшысы Нариман Төреғалиев пен облыс прокуроры Нұрбек Ұласбекұлы Зачаган кентінде бой көтерген «Тұмар» сауда орталығының құрылыс барысымен танысты.
«Рента-Капитал» ЖШС жүзеге асырып жатқан инвестициялық жобаның құны – 1 млрд теңге. Жалпы ауданы 3500 шаршы метрді құрайтын көпфункционалды кешен инвестордың өз қаражаты есебінен салынуда. Бүгінде құрылыс жұмыстарының 90 пайызы орындалып, аумағы толық абаттандырылған. Нысанды келер жылдың наурыз айында пайдалануға беру жоспарлануда.
Су жаңа кешенде «Ауыл аманаты» бағдарламасына қатысушылардың өнімдері мен жергілікті қолөнер шеберлерінің бұйымдарын саудалауға мүмкіндік қарастырылмақ.
– Мемлекет басшысы өңірлердің инвестициялық әлеуетін арттыруға, кәсіпкерлікті дамытуға және отандық тауар өндірушілерді қолдауға ерекше мән беріп отыр. Біз үшін әрбір инвестициялық жобаның экономикалық тиімділігімен қатар, әлеуметтік маңызы да зор. Жаңа сауда кешені жергілікті кәсіпкерлердің өткізу нарығын кеңейтіп, ауыл тұрғындарының өз өнімдерін қала тұтынушыларына ұсынуына мүмкіндік береді. Осындай бастамаларға жан-жақты қолдау көрсетуіміз қажет, – деді Нариман Төреғалиев.
Инвестициялық штаб мүшелері атқарылған жұмыстарды оң бағалап, нысанды белгіленген мерзімде пайдалануға берудің және жергілікті тауар өндірушілерге қолайлы жағдай жасаудың маңыздылығын атап өтті.
БҚО әкімінің баспасөз қызметі
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.








