Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Кітап оқитын ұлт» жобасы аясында Түркістан қаласындағы Оқушылар сарайында «Мәңгілік және әрқашан жаңа Түркістан» атты бірегей кітап-альбомның таныстырылымы өтті. Қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жарық көрген басылым «Алматыкітап баспасы» құрылтайшысы Элеонора Баталованың жетекшілігімен әзірленген.
Тағылымды шараға «Алматыкітап баспасы» баспасының президенті Гаухар Саймасаева, қазақтың әйгілі суретшісі Әбілхан Қастеевтің немересі, кітаптың иллюстраторы, суретші Дәурен Қастеев, сондай-ақ ұстаздар мен кітапхана қызметкерлері қатысты.
Кездесу барысында Гаухар Саймасаева төрт жылдық шығармашылық ізденіс пен зерттеу жұмыстарының нәтижесінде жарық көрген туындының дайындалу барысы, тарихи деректер мен фотоматериалдардың жинақталуы жөнінде баяндады.
Кітап-альбомға Дәурен Қастеевтің «Рәбия Бегім» және «Ұлы Әмір Темірдің Отырардағы соңғы күні» атты картиналары енген. Кездесу кезінде суретші тарихи тұлғалардың бейнесін сомдау барысында жүргізген шығармашылық ізденістері мен туындыларының мазмұны туралы әңгімеледі.
Шара барысында Түркістанның бай тарихи-мәдени мұрасын кітап пен өнер арқылы кеңінен таныту, жас ұрпақтың рухани дүниесін байыту және кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру мәселелеріне де назар аударылды.
Айта кетейік, кітап-альбом – төрт жылға созылған зерттеу мен шығармашылық еңбектің нәтижесі. Басылымға Қазақстан, Ұлыбритания, Франция, Ресей және Армения музейлерінен жинақталған сирек тарихи деректер мен құжаттар, сондай-ақ 300-ге жуық иллюстрация енгізілген. Олардың қатарында Мемлекеттік Эрмитаж қорындағы Әмір Темір дәуіріне тиесілі шырағдандар, Түркістан тарихына арналған көпшілікке беймәлім картиналар мен жеке коллекцияда сақталған сирек автолитография бар.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









