Радикалды идеологиялар әрдайым ашық үндеулер мен діни ұрандар арқылы таралмайды. Кейде оның артында әлеуметтік желідегі қарапайым жазбалар, жеке хат алмасулар, жалған діни уағыздар немесе адамның сеніміне кіруге бағытталған психологиялық тәсілдер тұруы мүмкін. Мұндай ықпал ету әдістерін дер кезінде тану – қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңызды міндеттердің бірі.
Осы мәселелер Аягөз аудандық полиция бөлімінде өткен ақпараттық-түсіндіру кездесуінің негізгі тақырыбына айналды. Іс-шараны Абай облысының Дін мәселелерін зерттеу орталығының мамандары ұйымдастырып, полиция қызметкерлерімен діни экстремизм мен радикализмнің алдын алу мәселелерін талқылады.
Кездесу барысында радикалды діни ортаға адамдарды тарту тәсілдеріне ерекше назар аударылды. Мамандардың айтуынша, мұндай топтар көбіне адамның сеніміне кіруден бастайды. Олар өздерін шынайы діни білімнің иесі ретінде көрсетіп, түрлі ақпараттық және психологиялық ықпал ету әдістерін қолдануы мүмкін. Әсіресе интернет кеңістігіндегі жасырын насихат, күмәнді діни парақшалар мен мессенджерлердегі жеке байланыстар сақтықты қажет етеді.
Талқылау барысында Қазақстан Республикасының діни қызмет саласындағы заңнамасы, діни бірлестіктердің қызметіне қойылатын талаптар, сондай-ақ заңмен тыйым салынған материалдарды таратуға байланысты құқықтық жауапкершілік мәселелері түсіндірілді.Интернет желісінде заңмен тыйым салынған материалдарды таратудың құқықтық салдарына да ерекше назар аударылды. Мамандар заңнама талаптарына қайшы келетін контентті өз бетінше жасау немесе жариялаумен қатар, оны әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы қайта тарату да жауапкершілікке әкеп соғуы мүмкін екенін атап өтті. Тіпті қарапайым репост немесе өзге біреудің материалын қайта жіберу де заңда көзделген құқықтық салдарға себеп болуы ықтимал. Сондықтан кез келген ақпаратты жарияламас немесе таратпас бұрын оның мазмұнына, шығу тегіне және заңдылығына көз жеткізу маңызды.
Бүгінде ақпараттық кеңістік адамның дүниетанымына әсер ететін негізгі алаңдардың біріне айналды. Сондықтан кез келген діни мазмұндағы ақпаратты бірден қабылдамай, оның қайнар көзін тексеру, мазмұнына сыни көзқараспен қарау және күмәнді үндеулердің астарында қандай мақсат жатқанын түсіну маңызды.
Мұндай кездесулердің мәні тек заң талаптарын түсіндірумен шектелмейді. Бұл – құқық қорғау органдары қызметкерлерінің діни құқықтық сауаттылығын арттырып, радикалды идеялардың таралу тетіктерін тереңірек түсінуге мүмкіндік беретін кәсіби диалог алаңы.
Кездесу соңында қатысушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, мамандардан түсініктемелер алды.
Радикализмнің алдын алу – тек бір мекеменің міндеті емес. Бұл бағытта құқық қорғау органдары, дін саласының мамандары және қоғам арасындағы өзара іс-қимылдың маңызы зор. Өйткені ақпараттық тұрғыдан сауатты әрі қауіп-қатерді дер кезінде тани алатын қоғам ғана радикалды идеялардың таралуына қарсы тұра алады.
Материал Абай облысының ТҚК ақпараты негізінде дайындалды
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









