Кейбір жүргізушілер камераға жақындағанда жылдамдықты төмендетіп, одан өте салысымен қайта үдетуге дағдыланған. Алайда, Ақтөбе–Астрахань автожолындағы жүйені мұндай әрекетпен алдау мүмкін емес.
Бұл жолда орташа қозғалыс жылдамдығын бақылау жүйесі жұмыс жасап тұр. Автоматты жүйе бір тәуліктің өзінде жол ережесін бұзудың 176 дерегін тіркеді. Бұл көрсеткіш 23 қараша күні анықталды.
Барлық тіркелген бұзушылықтар бойынша жүргізушілерге хабарламалар жолданды.
Өткен жылдың жазында іске қосылған автоматты бақылау жүйесі көліктің камера тұсындағы жылдамдығын ғана тіркемейді. Ол белгіленген жол учаскесін жүріп өтуге кеткен уақытты есептеп, көліктің орташа жылдамдығын анықтайды.
Демек, камераның алдындағы бірнеше секундтық баяу қозғалыс жүргізушіні жауапкершіліктен құтқармайды. Жүйе бүкіл бағыттағы қозғалысты назарда ұстайды.
Полиция жүргізушілердің есіне салады: Белгіленген жылдамдықты сақтау – тек айыппұлдан құтылу амалы емес. Бұл - жол-көлік оқиғаларының алдын алудың және адам өмірі мен қауіпсіздігін қорғаудың басты шарттарының бірі.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









