21 қараша күні Қостанай қаласындағы City Center алаңында ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері мен қала тұрғындарын біріктірген «СОҒЫМ FEST» форматындағы облыстық ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтті. Іс-шара қысқы маусымға дайындық және дәстүрлі соғым дайындау салтын дәріптеу аясында ұйымдастырылып, жергілікті өндірушілерді қолдауға және тұрғындарды қолжетімді азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз етуге бағытталды.
Жәрмеңкеге облыстың 12 ауданы мен қаласынан 80 шаруашылық субъектісі қатысты. Тұрғындарға жалпы сомасы 113,5 млн теңгеден асатын 215 тонна ауыл шаруашылығы және азық-түлік өнімдері сатылды. Оның ішінде 32 тонна ет өнімдері, 87 тонна көкөніс пен жеміс-жидек, 10 тонна ұн, 3,2 тонна жарма және макарон өнімдері, сондай-ақ басқа да азық-түлік тауарлары бар. Бұдан бөлек, 147 960 дана тауық жұмыртқасы сатылды.
«СОҒЫМ FEST» аясында ет өнімдеріне ерекше назар аударылды. Жәрмеңкеде сиыр, жылқы және қой еті сатылып, өнімдер ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінен тікелей ұсынылды. Бағалар нарықтағы бағадан орта есеппен 10–15%-ға төмен болды, бұл тұрғындарға қысқы маусымға қажетті азық-түлікті тиімді бағамен сатып алуға мүмкіндік берді.
Сонымен қатар, тұрақтандыру қорының азық-түлік өнімдері белгіленген қолжетімді бағамен сатылды. Бұл тетік әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының қолжетімділігін қамтамасыз етуге және ішкі нарықтағы баға тұрақтылығын сақтауға бағытталған.
«СОҒЫМ FEST» – бұл тек сауда алаңы ғана емес, ұлттық дәстүрді жаңғырту, отандық өндірушілерді қолдау және халықтың әл-ауқатына қамқорлық жасауға бағытталған іс-шара. Мұндай жәрмеңкелер ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізудің тікелей арналарын дамытуға, жергілікті шаруашылықтардың өткізу нарығын кеңейтуге және өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға ықпал етеді.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.








