Қостанай ауданының Владимировка ауылында 400 бас ірі қара малға арналған «ДК Мақсат KZ» ЖШС-нің жаңа сүт-тауарлы фермасының құрылысы аяқталды. Жобаға салынған инвестицияның жалпы көлемі 3,2 млрд теңгеден асты. Жобалық қуатына шыққаннан кейін кәсіпорын жылына 4 380 тоннаға дейін сүт өндіре алады.
Мал шаруашылығы кешенінің құрылысы 2025 жылдың тамыз айында басталып, 2026 жылдың қыркүйегінде аяқталды. Қазіргі уақытта нысанда сауу және сүт өндіру блогының жабдықтарын монтаждау мен іске қосу жұмыстары аяқталуға жақын. Кәсіпорын сүт өндірісін бастауға дайындалып жатыр.
Жоба Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін кеңінен енгізу бағдарламасы аясында «Тобыл» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-ның қаржылық қолдауымен жүзеге асырылды. Жалпы инвестиция көлемінің 2,87 млрд теңгесін әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы қарыз қаражаты ретінде ұсынса, тағы 351 млн теңгені кәсіпорынның өзі салған.
Фермаға Германиядан асыл тұқымды малдың алғашқы легі жеткізілді
Жаңа кешенді жұмысқа дайындаудың маңызды кезеңдерінің бірі - ірі қара мал басын жасақтау.
2026 жылғы 22 тамызда Германиядан кәсіпорынға 165 бас асыл тұқымды құнажынның алғашқы легі жеткізілді. Карантиндік шаралар толық аяқталды. Малдың екінші легі биылғы 30 қарашаға дейін жеткізіледі деп күтілуде.
Мал басы толық жасақталып, ферма жобалық қуатына шыққаннан кейін жылдық өндіріс көлемі 4 380 тоннаға дейін сүтті құрайды.
Алғашқы төлдеу кезеңі 2026 жылдың қарашасы мен 2027 жылдың қаңтары аралығында күтілуде. Кәсіпорында сүт өндірісінің басталуы осы кезеңмен байланысты.
Алдағы уақытта өндірілген сүтті қайта өңдеуге өткізу жоспарланып отыр. Қазіргі таңда Қостанай облысындағы сүт өңдеу кәсіпорындарымен ынтымақтастық орнату және шикізат жеткізу мәселелері бойынша келіссөздер жүргізілуде.
Жаңа кәсіпорын ауылдық жерде жұмыс орындарын ашады.
Жоба сүт өндірісінің әлеуетін арттырумен қатар, ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтуға да бағытталған.
Қазіргі уақытта фермаға 14 адам жұмысқа қабылданды. Өндірістік қызметтің кеңеюіне қарай қызметкерлер саны кезең-кезеңімен ұлғайтылмақ. Жалпы жоба аясында кемінде 32 жұмыс орнын ашу көзделген.
Владимировка ауылында жаңа мал шаруашылығы кешенінің салынуы жергілікті тұрғындардың жұмыспен қамтылу мүмкіндіктерін кеңейтіп, ауыл экономикасының дамуына қосымша серпін береді.
Қостанай облысында сүтті мал шаруашылығының өндірістік қуаты артып келеді.
Жаңа кешеннің құрылысы өңірде сүтті мал шаруашылығын дамытуға және қайта өңдеу өнеркәсібінің шикізат базасын нығайтуға бағытталған жүйелі жұмыстың бір бөлігі болып табылады.
2025 жылы Қостанай облысында жалпы жобалық қуаты жылына 46 мың тонна сүт өндіруге есептелген жеті заманауи сүт-тауарлы ферма пайдалануға берілді.
Қазіргі уақытта жылына жалпы 31 мың тонна сүт өндіруге мүмкіндік беретін тағы бес мал шаруашылығы кешенінің құрылысы жалғасуда. Бұдан бөлек, 2026 жылдың соңына дейін тағы үш ферманың құрылысын бастау жоспарланған.
Жаңа инвестициялық жобаларды іске асыру нәтижесінде облыстағы ұйымдасқан шаруашылықтарда сүт өндірісінің көлемі екі есеге артып, сүт өңдеу кәсіпорындарының өндірістік қуаттарын пайдалану деңгейі 75%-дан 86%-ға дейін ұлғаяды деп күтілуде.
Сүт-тауарлы фермалар желісін кеңейту отандық өнім өндірісін арттыруға, қайта өңдеу кәсіпорындарын қосымша шикізатпен қамтамасыз етуге және агроөнеркәсіптік кешеннің тиімділігін жоғарылатуға бағытталған.
Мұндай жобаларды жүзеге асыру ауылдық аумақтардың өндірістік инфрақұрылымын дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және өңірдің азық-түлікпен қамтамасыз етілуін нығайтуға ықпал етеді.






