БАСШЫ ӘДЕБІ – ҰЖЫМ МӘДЕНИЕТІНІҢ АЙНАСЫ

    1 / 3

    Нағыз басшының беделі оның лауазымымен емес, адамдарға деген қарым-қатынасымен, әділдігімен және жеке өнегесімен өлшенеді. Өйткені басшының әрбір сөзі мен іс-әрекеті – ұжым үшін үлгі, ал оның басқару мәдениеті бүкіл ұжымның жұмыс атмосферасына тікелей әсер етеді.
    Целиноград ауданында Ақмола облысының әдеп жөніндегі уәкілі Айнагүл Балғұжанқызы Жанадилованың мемлекеттік органдар мен ұйымдардың басшыларымен, ауылдық округ әкімдерімен кездесуі өтті.
    «Басшы әдебі: жеке үлгі, басқарушылық жауапкершілік және ұжымда салауатты моральдық-психологиялық ахуал қалыптастыру» тақырыбына арналған кездесуде мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексі талаптарын сақтау, басшылардың жеке жауапкершілігі, қызметтік қарым-қатынас мәдениеті, ұжымдағы өзара сыйластық пен сенімді нығайту мәселелері кеңінен талқыланды.
    Әсіресе, басшының қызметтік әдеп нормаларын сақтауы, қызметкерлермен қарым-қатынаста әділдік пен әдептілікті ұстануы, келіспеушіліктердің алдын алуы және әрбір қызметкердің пікіріне құрметпен қарауының маңыздылығына назар аударылды.
    Басқару – бұйрық берумен шектелмейді. Ол – тыңдай білу, түсіне білу, қолдау көрсету және ортақ мақсатқа жұмылдыра білу.
    Басшының кәсіби біліктілігі жұмыстың нәтижесіне ықпал етсе, оның адамгершілігі мен жеке үлгісі ұжымның ішкі мәдениетін қалыптастырады. Қызметкерлер арасындағы сыйластық, әділдік, өзара сенім мен қолайлы моральдық-психологиялық ахуал ең алдымен басшының ұстанымынан бастау алады.
    Сондықтан басшы үшін ең маңызды міндеттердің бірі – тек жұмысты ұйымдастыру емес, әр қызметкер өзін құрметтелген, бағаланған және ортақ істің маңызды бөлігі ретінде сезінетін орта қалыптастыру.
    Өйткені мықты ұжым – өзара сенімнен, ал сенім – басшының жеке өнегесі мен әділдігінен басталады.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Целиноград ауданының әкімдігі" жаңалықтары