МІНЕЗ БИІКТІГІ МЕН КОМАНДАЛЫҚ РУХТЫҢ КҮШІ

    1 / 9

    20–22 қараша аралығында Шахтинск қаласында жасанды бедердегі «Тау туризмі» пәні бойынша туристік көпсайыстан ашық өңірлік жарыстар өтті. Ауқымды спорт мерекесі айтулы дата -Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығына арналды.

    Үш жарыс күні бойы ең мықты атану үшін Астана, Қарағанды, Көкшетау және Шахтинск қалаларының спортшылары бақ сынасты. Қатысушылар географиясы турнирдің жоғары мәртебесін және өңіріміз бен көршілес облыстардың жастары мен тәжірибелі спортшылары арасында тау туризміне деген шынайы қызығушылықты тағы бір мәрте дәлелдеді.

    Жасанды бедердегі тау туризмі бойынша жарыстар -ең әсерлі әрі техникалық жағынан күрделі сынақтардың бірі. Жасанды бедер жағдайды шынайы тау бағыттарына барынша жақындатады, бірақ құрал-жабдықтармен жұмыс істеуде дәлдікті, жоғары физикалық төзімділікті, күш пен үйлесімділікті талап етеді. Мұнда жай ғана жылдам болу жеткіліксіз: биіктікте жіберілген кез келген техникалық қателік айыппұл ұпайларына әкеледі, ал бүкіл команданың жетістігі ұйымшылдыққа, өзара көмекке және серіктестерге деген сенімге тікелей байланысты.

    Қашықтықтардағы тартыс өте қызу өтті. Қатысушылар күрделі кезеңдерден сүрінбей өтіп, қайсар мінез, жеңіске деген жігер және жоғары дайындық деңгейін көрсетті. Әрбір жас санаты мәреге дейін көрермендер мен жанкүйерлерді ерекше әсерде ұстаған жарқын әрі тартысты бәсекелер сыйлады.

    Үш күнге созылған табанды күрестің қорытындысы бойынша төрешілер алқасы үш жас санатында жеңімпаздар мен жүлдегерлерді анықтады.

    «Ересектер» санатында:Бірінші орынды Астана қаласының «Астана-Qarat» командасы сенімді түрде иеленді. Күміс жүлдені Қарағанды қаласындағы Қарағанды жоғары политехникалық колледжінің «Тенгри» командасы жеңіп алды. Қола жүлдегер атағы да Қарағанды қаласының өкілдері -Қарағанды жоғары политехникалық колледжінің «Пилигрим» командасына бұйырды.

    «Жасөспірімдер» (юниорлар) санатында:Жеңіс тұғырының ең биік сатысына Шахтинск қаласының «Барс» командасы көтерілді. Екінші орынды Көкшетау қаласының «Фирн» командасы иеленді. Көшбасшылар үштігін Астана қаласының «Абырой» командасы түйіндеді.

    «Жеткіншектер» (юноши) санатында:Алтын медальдарды қарағандылық «Эдельвейс» командасы жеңіп алды. Тартысты бәсекеде екінші орынды Шахтинск қаласының «Торнадо» командасы иеленді. Үшінші орын Астана қаласының он тоғызыншы орта мектебінің командасына бұйырды.

    Шахтинск қаласының барлық тұрғындары үшін жергілікті командалардың лайықты өнер көрсетуі ерекше мақтаныш болды. «Барс» және «Торнадо» командаларының спортшылары тамаша техника мен жауынгерлік рух танытып, өз жас санаттарында үздіктер қатарынан орын алды. Бұл қаламыздағы спорттық туризм мектебінің қарқынды дамып, мықты әрі мақсаткер атлеттерді тәрбиелеп жатқанын дәлелдеді.

    Турнир ұйымдастырушылары мен қатысушылары жарыстың бас төрешісі Александр Иванович Шиловқа жоғары кәсібилігі, ұстанымдылығы, әділ төрелігі және осы жарыстарды жоғары деңгейде ұйымдастырып, өткізуге қосқан зор жеке үлесі үшін шынайы алғыс білдіреді.

    Өткен жарыстар спорттық шеберліктің сынағы ғана емес, сонымен қатар достықтың, салауатты өмір салты мен отансүйгіштіктің нағыз мерекесіне айналды. Барлық қатысушыларды, жаттықтырушыларды, жеңімпаздар мен жүлдегерлерді лайықты нәтижелерімен құттықтаймыз! Спортшыларға жаңа белестерді бағындыруды, сарқылмас қуат, өз күштеріне деген сенімділік және алдағы жарыстарда жарқын жеңістер тілейміз!

    «Шахтинск қаласының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі» ММ

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "«Шахтинск қаласының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі» ММ" жаңалықтары