Самарқандта қазақстандық танымал BN Team Orchestra және NE PROSTO ORCHESTRA ұжымдарының гастрольдік концерттері табысты өтті. Оркестрлер Самарқанд көрермендеріне әлемге танымал саундтректер мен поп-хиттердің симфониялық нұсқаларын ұсынды.
Гастрольдік концерттер шымылдығын 19 қарашада BN Team Orchestra ұжымы ашты. Оркестр «Мароканд» театрының концерт залында «Үздік саундтректер әлемі 2.0» атты жаңартылған бағдарламасын ұсынды. Концертте Голливудтың «Интерстеллар», «Титаник», «Тақтар ойыны» туындыларынан, сондай-ақ «Ғажайып ғасыр», «Қара махаббат» секілді танымал түрік сериалдары мен корей дорамаларынан көпшілікке таныс әуендер жанды дауыста орындалды.
22 қарашада гастрольдік концерттерді NE PROSTO ORCHESTRA ұжымы жалғастырды. Өнерпаздар Хамид Алимджан атындағы Самарқанд облыстық музыкалық драма театрының сахнасында BEST OF NE PROSTO POP бағдарламасын ұсынды. Бағдарламаға 2000-жылдардың танымал би және вокалдық хиттері авторлық симфониялық өңдеуде енді. Көрермендер Black Eyed Peas, Britney Spears, Lady Gaga, Daft Punk, Adele, Shakira, Bruno Mars және өзге де әлемдік жұлдыздардың шығармаларын тыңдады.
Екі концерт те Самарқанд көрермендерінің академиялық музыканы бұқаралық мәдениетпен ұштастыратын заманауи оркестрлік жобаларға қызығушылығы жоғары екенін көрсетті.
Осындай мәдени іс-шаралар Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы достық пен тату көршілік байланыстарды нығайтуда маңызды рөл атқарады және екі елдің шығармашылық алмасуға деген өзара қызығушылығын арттыруға ықпал етеді.
Қазақстан Республикасының Самарқанд қаласындағы Бас консулдығы BN Team Orchestra және NE PROSTO ORCHESTRA ұжымдарына концерттік бағдарламаларды жоғары кәсіби деңгейде орындағаны үшін, сондай-ақ ұйымдастырушылар мен серіктестерге іс-шаралардың табысты өтуіне көрсеткен қолдауы үшін алғыс білдіреді.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









