Тиімді баға мен сапалы ет: Астанада кезекті «Соғым-FEST» жәрмеңкесі өтті

    1 / 9

    Астанада еліміздің әр өңірінен келген отандық фермерлер мен қала тұрғындарының басын қосқан кезекті ірі ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі – «Соғым-FEST» өтті. Бұл жолы іс-шара Ауыл шаруашылығы қызметкерлері күніне орай ұйымдастырылып, III Ауыл шаруашылығы қызметкерлері форумының аясында өтті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

    Жәрмеңкені ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Астана әкімдігі ұйымдастырды.
    «Соғым-FEST» жәрмеңкесінің басты ерекшелігі – делдалсыз, тікелей сату форматы. Ақмола, Абай, Павлодар, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан, Қостанай және басқа да облыстардың фермерлік шаруашылықтары өз өнімдерін қала тұрғындарына тікелей ұсынды.
    Ұйымдастырушылардың айтуынша, жоба соғым сою дәстүрін заманға сай жалғастыруға мүмкіндік береді. Бұл фермерлер үшін өнім өткізудің тиімді жолы болса, қала тұрғындарына сапалы жергілікті етті тиімді бағамен сатып алуға жағдай жасайды.

    Жәрмеңкеде сиыр етінің бір келісі 3 300 теңгеден, жылқы еті 3 500 теңгеден, қой еті 3 700 теңгеден сатылды. Сауда орындарына жеткізілген барлық еттің сапасы мен қауіпсіздігі міндетті зертханалық тексеруден өтті.

    «Ет – халықтың негізгі азық-түлік өнімдерінің бірі. Сондықтан мұндай жәрмеңкелердің маңызы зор. Мұнда етті тиімді бағада сатып алуға болады. Өзім Арқалықтан шыққанмын. Туған өлкемізден жеткізілген жылқы етін келісі 3 500 теңгеден алдым. Барлығы 25 келі сатып алдым. Ұйымдастырушылар мен қала әкімдігіне алғысымды білдіремін», – деді сатып алушы Бердіқұл Айнияз.

    «Соғым-FEST» сауда орындары сағат 09:00-ден 19:00-ге дейін елорданың төрт алаңында жұмыс істеді. Олар:
    * «Keruen Joly» сауда орталығы (Алаш тасжолы, 35Б);
    * «Ет Әлемі» (Алаш тасжолы, 31/1);
    * «Jurt» (Бейбарыс Сұлтан көшесі, 3);
    * «ERA» базары (Қорғалжын тасжолы, 96).
    Қала тұрғындарына ыңғайлы болу үшін сауда орындарына қалалық және қала маңына жүретін автобустар қатынады.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Астана қаласының әкімдігі" жаңалықтары