Бірыңғай форма – тең мүмкіндіктер

    Мектеп формасына қойылатын міндетті талаптарды сақтау және білім берудің зайырлы сипатын қамтамасыз ету мәселелері ата-аналар арасында жиі талқыланатын тақырыптардың бірі болып отыр. Осы бағыттағы түсінбеушіліктерді болдырмау және ата-аналарды толғандырған сұрақтарға жауап беру мақсатында Абай облысының мектептерінде дін мәселелері жөніндегі ақпараттық-түсіндіру топтарының ата-аналар қауымдастығымен кездесулері тұрақты түрде өткізіліп келеді.

    Алайда мұндай кездесулер тек заңнама талаптарын түсіндірумен ғана шектелмейді. Оның маңызды бағыттарының бірі – діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу, сондай-ақ ата-аналардың кәмелетке толмаған балалардың деструктивті діни ағымдардың ықпалына түсу белгілерін дер кезінде анықтау дағдыларын қалыптастыру.

    Зайырлылық – теңдік пен өзара құрмет кеңістігі

    Кейде білім беру ұйымдарында зайырлы киім үлгісін сақтау талабы ересектер тарапынан діни сенім бостандығын шектеу ретінде қабылданып жатады. Алайда Қазақстан Республикасы Конституциясының 1-бабында бекітілген мемлекеттің зайырлы сипаты дінге қарсы бағытталған ұстанымды білдірмейді. Керісінше, заңнама әр азаматтың кез келген дінді ұстануына немесе ешбір дінді ұстанбауына кепілдік береді.

    Дегенмен мемлекеттік мектеп – өзіндік қоғамдық кеңістік. Мұнда бір сыныпта дүниетанымы, дәстүрі мен әлеуметтік жағдайы әртүрлі отбасылардан шыққан балалар білім алады. Қазақстан Республикасының «Білім туралы» және «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңдарында айқындалған білім берудің зайырлы қағидаты оқу орындарында бейтараптық, теңдік және өзара құрмет ахуалын қалыптастыруға бағытталған.

    Бірыңғай мектеп формасы осы тұрғыда маңызды әлеуметтік міндет атқарады. Ол оқушылар арасындағы сыртқы ерекшеліктерді барынша азайтып, олардың жекелеген топтарға бөлінуіне жол бермейді және жасөспірімдер ортасындағы буллинг қаупін төмендетуге ықпал етеді.

    Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 14 қаңтардағы № 26 бұйрығының 13-тармғына сәйкес, мектеп формасына діни тиесілілікті білдіретін киім элементтерін енгізуге жол берілмейді. Бұл ретте білім беру ұйымынан тыс жерлерде азаматтардың діни сеніміне және дәстүрлеріне қатысты шектеулер қарастырылмаған.

    Маңыздысы, бұл мәселеде мемлекет пен түрлі діни конфессиялардың ұстанымдары өзара үндеседі. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы да діндар ата-аналарды ел заңнамасын құрметтеуге және балалардың толыққанды зайырлы білім алу мүмкіндігін шектемеуге бірнеше рет шақырған.

    Конституцияға сәйкес, орта білім алу міндетті. Ал баланың мектепке баруына кедергі келтіру оның білім алу және даму құқығын шектеу болып саналады әрі ата-аналардың әкімшілік жауапкершілігіне әкеп соғуы мүмкін (ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 409-бабы).

    Алдын алу жұмысы отбасынан басталады

    Кездесулер барысында кәмелетке толмағандар арасында діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу мәселелеріне де ерекше назар аударылады. Бүгінде жасөспірімдер әлеуметтік желілерді, мессенджерлер мен түрлі интернет-платформаларды белсенді пайдаланады. Алайда пайдалы ақпаратпен қатар, бұл кеңістікте радикалды идеялар, сананы манипуляциялауға бағытталған контент пен зорлық-зомбылықты насихаттайтын материалдар да таралуда.

    Радикалды идеологияны таратушылар көбіне жасөспірімдік кезеңге тән психологиялық ерекшеліктерді өз мақсаттарына пайдаланады. Атап айтқанда, дербестікке ұмтылу, өмірлік бағдар іздеу, белгілі бір топқа тиесілі болуға деген талпыныс және қоғам тарапынан мойындалуға деген қажеттілік сияқты факторларды ескереді. Олар сенімге кіру, жабық интернет-қауымдастықтарға тарту және жалған діни мазмұндағы материалдарды тарату арқылы жастардың дін, қоғам және мемлекет туралы түсініктерін біртіндеп бұрмалауға тырысады.

    Осыған байланысты ата-аналар баласының мінез-құлқындағы, әлеуметтік ортасындағы, ақпарат көздеріндегі және жақындарымен қарым-қатынасындағы күрт өзгерістерге назар аударуы қажет. Дегенмен асығыс қорытынды жасап, жасөспірімнің дінге деген қызығушылығын радикалдану белгісі ретінде қабылдауға болмайды. Ең бастысы – баламен сенімді қарым-қатынасты сақтау, оның араласатын ортасына қызығушылық таныту және сыни ойлау қабілетін дамыту.

    Кездесу қатысушысының пікірі: ата-ана көзқарасы

    Осындай кездесулердің бірі Семей қаласындағы жалпы білім беретін мектептердің бірінде өткеннен кейін біз жиынға қатысқан, жетінші сынып оқушысының анасы Динара Садыковамен ( әңгімелесушінің өтініші бойынша есімі өзгертілді – ред. ескертпесі) сұхбаттастық.

    – Динара, бүгінгі дінтанушы маманмен өткен кездесу сіз және басқа ата-аналар үшін қаншалықты пайдалы болды?

    – Бұл өте қажетті әрі уақытылы кездесу болды. Ата-аналар чаттарында мектеп формасы мен діни атрибутикаға қатысты пікірталастар ара-тұра туындап жатады. Кейбір адамдар нақты ақпаратқа емес, естіген әңгімелері мен эмоцияларына сүйенеді. Бүгін маман Конституция мен заңнама нормаларына сілтеме жасай отырып, барлық мәселені байыппен түсіндірді. Ережелердің барлығына бірдей қолданылатыны және оның мақсаты біреуді шектеу емес, балаларымыздың теңдігі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету екені түсінікті болды.

    – Спикердің қандай дәлелдері сізге ерекше әсер етті?

    – Маған мектептің әртүрлі отбасылардан шыққан балаларды біріктіретін бейтарап орта екені туралы ойы ұнады. Бірыңғай форма жасөспірімдер арасындағы түсініспеушілік пен жанжалға себеп болатын жағдайларды азайтады. Сонымен қатар маман мектептен тыс уақытта әркімнің өз дәстүрін ұстануға құқығы бар екенін, тіпті дәстүрлі дін өкілдерінің де балалардың сапалы зайырлы білім алуын қолдайтынын атап өтті.

    – Жиын барысында жасөспірімдер тап болатын өзге де қауіп-қатерлер талқыланды ма?

    – Иә, интернет пен әлеуметтік желілер мәселесіне де кеңінен тоқталды. Дінтанушы деструктивті діни ағымдардың өкілдері жабық чаттар арқылы оқушылармен байланыс орнатуға, оларды өз ықпалына тартуға тырысатыны туралы нақты мысалдар келтірді. Ана ретінде бұл мен үшін маңызды ескерту болды. Баламның интернетте кімдермен араласатынына көбірек көңіл бөліп, онымен сенімді қарым-қатынасты сақтау керектігін түсіндім. Менің ойымша, мұндай кездесулер ата-аналарға қазіргі қауіп-қатерлерді тереңірек түсінуге және осындай жағдайларда қалай әрекет ету керектігін білуге көмектеседі.

    Маманның пікірі

    Дін мәселелері жөніндегі ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі (Семей қаласы): «Мұндай кездесулердегі басты мақсатымыз – ата-аналарға ақыл айту немесе құрғақ түсіндіру жұмыстарын жүргізу емес, олармен сенімді әрі ашық диалог орнату. Ересектер заңның дүниетанымы мен діни көзқарасына қарамастан, барлық баланың құқықтарын бірдей қорғайтынын түсінген кезде, өзекті мәселелер бойынша түсініспеушіліктер де азаяды.

    Біз ата-аналарға үнемі бір жайтты еске саламыз: мектеп балаға іргелі білім беріп, оның қоғамға бейімделуіне ықпал етсе, отбасы оның рухани-адамгершілік негізін қалыптастырады. Бұл екі орта бір-біріне қайшы келмейді, керісінше, өзара толықтырады.

    Сонымен қатар, бүгінгі таңда діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу бағытында педагогтер мен ата-аналардың күш-жігерін біріктіру аса маңызды. Жасөспірімдердің интернетте таралатын ақпаратқа сыни көзқарасын қалыптастырып, түрлі манипуляциялық тәсілдерді ажырата білуге және радикалды идеологиялардың ықпалына түспеуге үйрету қажет. Сондай-ақ қауіп-қатер белгілерін дер кезінде анықтап, деструктивті идеялардың ықпалына ұшыраған тұлғаларға білікті көмек көрсету ерекше маңызға ие».

    Материал Абай облысының ТҚК ақпараты негізінде дайындалды

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасының Терроризмге қарсы орталығы" жаңалықтары