Салауатты ұрпақ – қауіпсіз қоғам кепілі

    Бүгінде елімізде өскелең ұрпақтың бойында отансүйгіштік рухты қалыптастыру, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және жастарды радикалды діни ағымдардың ықпалынан қорғау – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Осы мақсатта Абай облысының спорт мектептері мен клубтарында жас спортшылар, жаттықтырушылар арасында радикализм мен экстремизмнің алдын алуға бағытталған жүйелі түсіндіру жұмыстары қарқынды жүргізілуде.

    Спорт – тәртіп пен табандылықтың, биік рух пен әділдіктің мектебі. Алайда жаттығу залынан тыс уақытта, әсіресе ақпарат ағыны шексіз әлеуметтік желілер кеңістігінде жасөспірімдердің радикалды топтардың арбауына түсіп қалу қаупі жоқ емес. Сондықтан Абай облысының дін мәселелерін зерттеу орталығының мамандары спортшы жастармен ашық диалог алаңдарын ұйымдастыруда.

    Кездесулер барысында орталықтың білікті теологтары мен дінтанушылары жастарға діни құқықтық сауаттылықтың маңызын, дәстүрлі рухани құндылықтар мен теріс ағымдардың аражігін ажырату жолдарын қарапайым тілмен түсіндіруде. Сонымен қатар интернет кеңістігіндегі ақпараттық қауіпсіздік мәселесіне ерекше назар аударылып отыр. Орталық мамандары мен психологтар жас өрендерге күмәнді онлайн-платформалардағы манипуляциялық әдістерден сақтануды, сыни ойлау қабілетін дамытуды және тек ресми ақпарат көздеріне сенуді үйретеді.

    Бұл бастамада жаттықтырушылар құрамының рөлі айрықша. Себебі баланың мінез-құлқындағы кез келген өзгерісті ең алдымен оның ұстазы байқайды. Осы орайда Абай облысының дін мәселелерін зерттеу орталығының мамандары бапкерлерге арналған арнайы әдістемелік семинарлар өткізіп, жасөспірімдердің жат идеология ықпалына түскенін білдіретін алғашқы белгілерді дер кезінде анықтау және алдын алу тетіктерімен бөлісуде.

    Түсіндіру жұмыстары тек дәрістермен ғана шектелмей, өңірдегі бұқаралық спорттық іс-шаралармен де ұштасуда. Облыс көлемінде «Спорт терроризмге қарсы» ұранымен түрлі турнирлер мен жарыстар ұйымдастырылып, жастардың бос уақытын тиімді өткізуіне жағдай жасалуда. Жалпы, Абай облысының Дін мәселелерін зерттеу орталығының мамандары тарапынан 27 профилактикалық іс-шара өткізіліп, 1 044 адам қамтылды. Сонымен қатар, жаттықтырушылар арасында діни экстремизм мен деструктивті идеологиялардың алдын алу бағытында 11 іс-шара ұйымдастырылып, 255 адамға ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

    Спорт саласында қолға алынған бұл кешенді шаралар жас буынның санасында радикалды идеологияларға қарсы берік иммунитет қалыптастыруға ықпал етеді.

    Материал Абай облысының ТҚК ақпараты негізінде дайындалды

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасының Терроризмге қарсы орталығы" жаңалықтары