Қазақстан Республикасының Стамбұл қаласындағы Бас консулдығы Түркияның жетекші бұқаралық ақпарат құралдарымен байланыстарды нығайту және ақпараттық өзара іс-қимылды дамыту бағытындағы жұмыстарды жалғастыруда. Осы мақсатта «Demirören Haber Ajansı» (DHA), «Albayrak Medya Grubu» құрамындағы «Yeni Şafak», сондай-ақ «İhlas Medya Grubu» құрамына кіретін «TGRT Haber», «TGRT Belgesel» және «TGRT FM» өкілдерімен бірқатар кездесулер өткізілді.
Кездесулер барысында Қазақстанның Түркияның ақпараттық кеңістігіндегі танымалдылығын арттыру және еліміздің экономикалық, инвестициялық, экспорттық, туристік әрі мәдени әлеуетін кеңінен таныту мәселелері талқыланды. Тараптар өзара тиімді ақпараттық жобаларды жүзеге асыруға және ынтымақтастықты одан әрі дамытуға мүдделілік танытты.
Алдағы кезеңде Қазақстан туралы ақпараттық және сараптамалық материалдар әзірлеу, мемлекеттік органдар мен іскерлік орта өкілдерімен сұхбаттар ұйымдастыру, баспасөз турларын өткізу және бірлескен медиа жобаларды іске асыру жоспарлануда. Бұл ретте шетелдік инвесторларға ұсынылатын мүмкіндіктерді, еліміздің инвестициялық ахуалын, перспективалы экономикалық жобаларды және отандық өнім өндірушілердің экспорттық әлеуетін танытуға басымдық беріледі.
Сонымен қатар, Қазақстанды тартымды туристік бағыт ретінде таныту жұмыстары да жандандырылады. Атап айтқанда, еліміздің табиғи байлықтары, тарихи-мәдени мұрасы, ұлттық дәстүрлері мен заманауи туристік бағыттары туралы ақпаратты түрік аудиториясына кеңінен жеткізу көзделуде.
Қазақстан Республикасының Стамбұл қаласындағы Бас консулы Б. Сарының түрік медиа ұйымдарының басшылары және өкілдерімен кездесулері барысында бұқаралық ақпарат құралдарының екіжақты қарым-қатынастарды дамытудағы маңызды рөлі атап өтілді. Қазақстан туралы ақпараттың түрік медиакеңістігінде кеңінен таралуы халықтар арасындағы өзара қызығушылық пен түсіністікті арттыруға мүмкіндік беретіні айтылды.
Түркияның жетекші медиа ұйымдарымен ынтымақтастықты дамыту Қазақстанның халықаралық деңгейдегі оң имиджін нығайтуға, экономикалық және мәдени байланыстарды кеңейтуге, сондай-ақ қазақ-түрік стратегиялық әріптестігін одан әрі тереңдетуге ықпал етеді.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









