Байғанин ауданының Ащыағыр аумағында көктемгі су тасқыны кезінде бірнеше рет шайылып, тұрғындарға қиындық туғызған көпір жақын күндері халық игілігіне беріледі.
Көпір «Қарауылкелді – Алтай батыр – Миялы – Оймауыт» бағытындағы облыстық маңызы бар автомобиль жолының 34-шақырымында орналасқан. Ол Оймауыт, Миялы және Баршақұм елді мекендерін байланыстырады. Аталған үш ауылда жалпы саны 1 700-ден астам тұрғын бар.
Соңғы үш жылда көктемгі су тасқыны салдарынан ескі көпір бірнеше рет шайылып, елді мекендер арасындағы көлік қатынасына кедергі келтірген. Бұл әсіресе тұрғындардың күнделікті қатынауына, әлеуметтік нысандарға жетуіне және қажетті қызметтерді алуына қиындық туғызды.
Тұрғындар тарапынан көтерілген мәселені шешу мақсатында бюджет қаражаты бөлініп, 2024 жылы жаңа көпірдің жобалық құжаттамасы әзірленді. Құрылыс жұмыстары 2026 жылы басталды.
Мердігер «Lider Invest Group» ЖШС көпірдің шкаф қабырғаларын құю және су ағар бөлігін бетондау жұмыстарын толық аяқтап, көпір арқалықтарын орнатты.
Жаңа көпірдің ұзындығы – 29 метр, ені – 12 метр. Қазіргі уақытта құрылыс жұмыстарының негізгі кезеңі аяқталды. Нысан жақын күндері толықтай пайдалануға беріледі.
Жаңа көпірдің іске қосылуы Оймауыт, Миялы және Баршақұм ауылдарының мыңдаған тұрғыны үшін қауіпсіз әрі тұрақты көлік қатынасын қамтамасыз етеді. Ең бастысы, көктемгі су тасқыны кезінде бірнеше рет қайталанған жол қатынасы мәселесін шешті.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









