Үнсіз тіл – түсіністіктің алтын көпірі: Маңғыстауда қылмыстық-атқару жүйесі қызметкерлері ымдау тілін меңгеруде

    1 / 5

    Маңғыстау облысында инклюзивті қарым-қатынас мәдениетін қалыптастыруға бағытталған маңызды оқыту семинары өтті.

    Маңғыстау облыстық білім басқармасының мамандары Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің №43 және №77 мекемелерінің қызметкерлеріне ымдау тілі бойынша арнайы оқыту семинарын ұйымдастырды.

    Іс-шараның негізгі мақсаты – қызметкерлердің есту қабілеті бұзылған және сөйлеу ерекшеліктері бар азаматтармен тиімді қарым-қатынас орнату дағдыларын дамыту, ымдау тілінің негіздерін үйрету және инклюзивті коммуникация мәдениетін қалыптастыру.

    Семинар барысында қатысушылар ымдау тілінің ерекшеліктерімен танысып, қол қимылдары, ым-ишара және бет-әлпет қимылдары арқылы ақпарат жеткізу тәсілдерін меңгерді. Сонымен қатар күнделікті қарым-қатынаста қолданылатын негізгі сөздер мен тіркестерді тәжірибе жүзінде үйренді.

    Мамандардың айтуынша, ымдау тілін меңгеру – ерекше қажеттіліктері бар азаматтардың қоғаммен еркін байланыс орнатуына мүмкіндік беретін маңызды құрал. Мұндай бастамалар мемлекеттік мекемелерде қолжетімді орта қалыптастыруға және азаматтардың құқықтарын құрметтеуге ықпал етеді.

    Мекеме бастығы әділкт полковнигі Сансызбай Аминовтың айтуынша, мұндай оқыту шаралары қызметкерлердің кәсіби біліктілігін арттырып, азаматтармен өзара түсіністік орнатуда маңызды рөл атқарады.

    «Әрбір азаматтың өз ойын еркін жеткізуге және қоғаммен тең дәрежеде қарым-қатынас жасауға құқығы бар. Сондықтан ымдау тілінің негіздерін меңгеру қызметкерлеріміз үшін маңызды кәсіби дағды деп санаймын. Бұл бастама азаматтардың қажеттіліктерін түсінуге, оларға сапалы қызмет көрсетуге және өзара сенімді нығайтуға мүмкіндік береді», – деді мекеме басшысы.

    Оқыту семинарының қорытындысы бойынша қатысушыларға сертификаттар табысталды.

    Аталған бастама – мемлекеттік органдар мен мекемелерде инклюзивті мәдениетті дамытуға, өзара түсіністік пен адамға құрмет қағидаттарын нығайтуға бағытталған маңызды қадам.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Маңғыстау облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті" жаңалықтары