Маңғыстау облысында жасөспірімдер арасында құқық бұзушылықтың алдын алу және құқықтық сауаттылықты арттыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Осы мақсатта Маңғыстау облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің қызметкерлері Ақтау қаласының білім бөлімімен бірлесіп, Төлеген Айбергенов атындағы №19 мектеп-гимназиясының оқушыларымен профилактикалық кездесу өткізді.
Кездесу барысында жасөспірімдерге заң талаптарын сақтау, құқық бұзушылықтың алдын алу, есірткі құралдарының заңсыз айналымы, есірткі қылмыстары, интернет-алаяқтық және киберқылмыс түрлері туралы кеңінен түсіндірілді. Сондай-ақ оңай табысқа кенелуді уәде ететін күмәнді ұсыныстардың артында қылмыстық жауапкершілік тұруы мүмкін екені ескертілді.
Кездесудің маңызды бөлігі ретінде №77 мекемесінде жазасын өтеп жатқан сотталған азаматпен Zoom платформасы арқылы бейнебайланыс ұйымдастырылды. Ол Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 297-бабы бойынша сотталған. Әңгіме барысында азамат өз қылмысының мән-жайын баяндап, жасаған әрекетіне өкініш білдірді. Сонымен қатар бас бостандығынан айырылудың салдары, отбасынан жырақта өмір сүру, жақындарын күнделікті көре алмау және еркіндіктің қадірі туралы ой бөлісті.
Бұл әңгіме оқушыларға заңсыз әрекеттің соңы тек сот үкімімен шектелмейтінін, оның адам өміріне, тағдырына және отбасына ауыр салмақ түсіретінін ұғындыруға бағытталды.
Оқушылар да өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, мамандардан нақты жауап алды. Қылмыстық-атқару жүйесі қызметкерлері жасөспірімдерді заң талаптарын сақтауға, күмәнді ұсыныстардан аулақ болуға, есірткіге қатысты кез келген заңсыз әрекетке жол бермеуге шақырды.
Айта кетейік, жыл басынан бері өңірдегі білім беру ұйымдарында сотталғандардың қатысуымен бейнеконференция форматында 15-тен астам профилактикалық кездесу өткізілді. Аталған шаралар аясында мектеп оқушылары мен колледж студенттерін қоса алғанда, шамамен 2 мың жас қамтылды.
Мұндай кездесулердің негізгі мақсаты – жастардың құқықтық мәдениетін қалыптастыру, құқық бұзушылыққа төзбеушілік көзқарасын орнықтыру және заң талаптарын құрметтеуге тәрбиелеу.
«Заң және тәртіп» идеологиялық тұжырымдамасы аясында жүзеге асырылып жатқан профилактикалық жұмыстар алдағы уақытта да білім беру ұйымдарында жалғасын табады. Өйткені жасөспірімдерге заңның талаптарын түсіндіріп қана қоймай, қылмыстың алдын алу – қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызды бағыттарының бірі.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.








