2026 жылдың 19 қарашасында Алматы қаласы әкімдігі мен Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының қолдауымен Халықаралық әйелдер кәсіпкерлігі күніне орай Орталық Азияның SHE Community бизнес-қоғамдастығы ұйымдастырған She Business Dialogue дөңгелек үстелі өтті.
Іс-шара аясында әйелдер кәсіпкерлігін дамытуға, қаржыландыруға қол жеткізуге, мемлекеттік қолдау шараларына және бизнесті жүргізу барысында кездесетін негізгі кедергілерге арналған Women Business Barometer Kazakhstan 2026 зерттеуінің нәтижелері таныстырылды.
Зерттеу нәтижелеріне сәйкес, кәсіпкер әйелдердің 74,1%-ы алдағы үш жылда табысын арттыруды жоспарлап отыр, 63,8%-ы бизнесті кеңейтуді көздейді, ал қатысушылардың 40%-ға жуығы айналым көлемінің өскенін атап өткен. Сонымен қатар, қатысушылардың тек 25,9%-ы ғана өз бизнесін тұрақты табысты деп бағалайды.
Дөңгелек үстел барысында мемлекеттік органдардың, халықаралық ұйымдардың, банк секторының және бизнес-қоғамдастықтың өкілдері мемлекеттік қолдау шараларын жетілдіру, қаржыландыруға қолжетімділікті кеңейту, технологияларды енгізу және жаңа нарықтарға шығу мәселелерін талқылады.
Іс-шараға Алматы қаласы Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы, Еуропалық қайта құру және даму банкі мен Дүниежүзілік банк өкілдері қатысып, әйелдер кәсіпкерлігін дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасаудың, мемлекеттік қолдау алу мүмкіндіктерін кеңейтудің және мемлекет пен бизнес-қоғамдастық арасындағы өзара іс-қимылды нығайтудың маңыздылығын атап өтті.
Осындай іс-шараларды өткізу әйелдер кәсіпкерлігін дамытуға, іскерлік ынтымақтастықты нығайтуға және Алматы қаласында қолайлы кәсіпкерлік ортаны қалыптастыруға ықпал етеді.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.







