Қазақстандық бизнес өкілдері сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту және жаңа іскерлік байланыстар орнату мүмкіндіктерін зерделеу мақсатында Оңтүстік Африка Республикасы мен Танзания Біріккен Республикасына сапар жасады.
Іскерлік сапар аясында делегация Кейптаун, Йоханнесбург, Претория және Дар-эс-Салам қалаларында жергілікті іскерлік топтардың өкілдерімен кездесулер өткізді.
Претория қаласында Оңтүстік Африка – Қазақстан сауда және мәдениет қауымдастығының (SAKTCA) қолдауымен екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытуға және бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыруға арналған B2B форматындағы кездесу өтті. Қатысушылар өз компанияларының өндірістік және экспорттық әлеуетін таныстырып, түрлі салалардағы ынтымақтастық перспективаларын талқылады.
Кездесудің ашылуында Қазақстанның ОАР-дағы Елшісі Еркін Ахинжанов Қазақстан Президентінің Қазақстан халқына Жолдауында айқындалған басымдықтарды іс жүзінде жүзеге асырудың маңыздылығын атап өтті.
Сонымен қатар қазақстандық кәсіпкерлер Gautrain, Afya Mills, ENSOL, AMEC Africa Holding Ltd. және Oilcom Group компанияларының өкілдерімен келіссөздер жүргізді. Тараптар ауыл шаруашылығы, логистика және жаңартылатын энергетика салаларындағы ынтымақтастық мүмкіндіктерін талқылап, Африка нарықтарына қазақстандық бидай, тазартылмаған күнбағыс майы, минералды тыңайтқыштар, түйіршіктелген күкірт, карбамид, сондай-ақ суару жүйелері мен жабдықтарын жеткізу мәселелеріне ерекше назар аударды.
Бұл сапар Қазақстан кәсіпкерлерінің ОАР мен Танзанияны қамтыған, екі елмен сауда қатынастарын дамытуға және іскерлік байланыстарды кеңейтуге бағытталған алғашқы кешенді іскерлік миссиясы болды.
Сапар мен өткізілген кездесулердің қорытындысы бойынша Қазақстан, ОАР және Танзанияның іскерлік топтарының өкілдері ынтымақтастықты одан әрі дамытуға, нақты коммерциялық ұсыныстарды пысықтауға және мүдделі компаниялар арасында келіссөздерді өткізуге қызығушылық білдірді.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









