2026 жылғы 19 қарашада Шығыс Қазақстан облысы әкімінің аппараты базасында «Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексіндегі өзекті өзгерістер: өтініштерді қарау және мемлекеттік органдардың шешімдеріне шағымдану тәртібі» тақырыбында оқыту семинары өтті. Семинарға Шығыс Қазақстан облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары Р.Н. Аспенбетова төрағалық етті.
Іс-шараға жергілікті атқарушы органдар мен квазимемлекеттік сектор өкілдері қатысты. Семинар қалалар мен аудандар әкімдері аппараттарының өкілдерін онлайн қосу мүмкіндігімен аралас форматта өтті. Мұндай формат қатысушылар мен баяндамашылар арасында тікелей пікір алмасуға, тәжірибе бөлісуге және практикалық мәселелерді талқылауға мүмкіндік берді.
Семинарда мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының төрағасы Д.Б. Каримова, Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитет департаментінің өтініштерді талдау және бақылау бөлімінің басшысы Е.М. Урпеков, сондай-ақ Әділет департаментінің бас маманы А.К. Нуртазина баяндама жасады.
Баяндамашылар өз сөздерінде Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексіне енгізілген негізгі өзгерістер мен толықтыруларға тоқталып, жаңартылған нормаларды практикада қолдану ерекшеліктерін түсіндірді. Атап айтқанда, өтініштерді тіркеу және есепке алу, әкімшілік рәсімдерді жүргізу, әкімшілік актілерді қабылдау және оларға сотқа дейінгі шағымдану тәртібі қаралды.
Талқылау барысында қатысушылар белсенді түрде сұрақтар қойып, тәжірибелерімен бөлісті, мемлекеттік органдардың күнделікті жұмысында туындайтын проблемалық мәселелерді көтеріп, өтініштерді қарау рәсімдерін жетілдіруге қатысты ұсыныстарын білдірді.
Семинардың маңызды нәтижелерінің бірі – өзекті түсіндірмелер мен тәжірибе алмасумен қатар, одан әрі пысықтауды қажет ететін мәселелерді айқындау болды. Айтылған ұсыныстар мен проблемалық мәселелердің бірқатары бойынша оларды уәкілетті мемлекеттік органдардың қарауына енгізу жөнінде шешім қабылданды. Осы бағытта қолданыстағы нормалар мен құқық қолдану практикасына талдау жүргізіліп, нормативтік құқықтық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу, сондай-ақ әдістемелік тәсілдерді жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірленетін болады.
Семинар азаматтардың өтініштерін қарау сапасын арттыруға бағытталған жүйелі жұмыстың бір бөлігіне айналады. Алдағы уақытта түсіндіру және практикалық жұмыстарды жалғастыру, туындайтын мәселелерді жинақтау, құқық қолдану практикасын талдау және мемлекеттік органдарға арналған ұсынымдар әзірлеу жоспарланып отыр.
Бұл жұмыстың негізгі мақсаты – заңнаманың бірізді әрі дұрыс қолданылуын қамтамасыз ету, өтініштерді қарауда формальды көзқарасқа жол бермеу және әрбір азаматтың мәселесінің уақтылы әрі негізді шешілуіне жағдай жасау.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









