ШҚО-да ветеринариялық қызметтің инфрақұрылымы жаңартылады

    1 / 2

    Шығыс Қазақстан облысында ветеринариялық қызметтің материалдық-техникалық базасын нығайту және кадр тапшылығын азайту бағытында жұмыстар жүргізілуде. 2026–2027 жылдары өңірде жалпы құны 3,6 млрд теңгеден асатын 131 ветеринариялық нысан салу жоспарланған.

    Биыл 32 ветеринариялық пункт, үш аудандық ветеринариялық станция және 25 мал қорымын салу көзделген. Қазіргі уақытта нысандардың 70 пайыздан астамы пайдалануға беруге дайын. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық Ветеринария басқармасының басшысы Рамиль Сағындықов мәлімдеді.

    Ветеринариялық қызметтің негізгі міндеті - жануарлар арасында жұқпалы аурулардың таралуына жол бермеу. Биыл осы мақсатқа 2,2 млрд теңге бөлінген. Жыл басынан бері жануарлардың жеті түрлі жұқпалы ауруына қарсы 4,1 млн профилактикалық шара жүргізіліп, бруцеллёзге қатысты 1,2 млн диагностикалық зерттеу жасалды. Бұдан бөлек, 420 мал шаруашылығы нысаны дезинфекциядан өтті.

    Алдын алу жұмыстарының нәтижесінде соңғы бес жылда облыста бруцеллёздің таралу деңгейі едәуір төмендеген. Соған қарамастан, аурудың алдын алу және эпизоотиялық жағдайды бақылау жұмыстары жалғасады.

    Саланы дамытуда ветеринариялық нысандардың жай-күйі мен техникалық жарақтандырылуы да маңызды. Өткен жылдың соңында өңірдегі ветеринариялық қызмет арнайы автокөлікпен толық қамтамасыз етілді.

    Қазір өңірдегі салалық қызметтің штаттық жасақталуы 87 пайызды құрайды. Кадр тапшылығын азайту үшін жоғары оқу орындарымен бірлескен жұмыс жүргізіліп, жас мамандарды ауылдық жерлерге тартуға басымдық беріліп отыр. Бұдан бөлек, келесі жылы ветеринария мамандарының еңбекақысын көтеру көзделген.

    Саладағы жұмыстарды жедел әрі нақты жүргізу үшін цифрлық жүйелер де қолданылады. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру жүйесі, ISZH Mobile және Tört Tülık платформалары арқылы мал басы, вакцинация, диагностикалық зерттеулер мен жануарлардың қозғалысы туралы деректер тіркеледі. Бұл ветеринариялық есептің дұрыстығын қамтамасыз етіп, қажетті ақпаратты жедел алуға мүмкіндік береді.

    Алдағы кезеңде өңірде эпизоотиялық тұрақтылықты сақтау, жоспарланған нысандардың құрылысын аяқтау, кадрлық әлеуетті нығайту және жануарлардан алынатын өнімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстары жалғасады.

    ШҚО-да 2027 жылдан бастап жануарларды құтыруға қарсы вакцинациялау ауқымы кеңейтіледі.Қазақстанда жануарларды құтыруға қарсы профилактикалық вакцинациялау жалпы республикалық ветеринариялық іс-шаралар аясында жүргізіледі. Ал Шығыс Қазақстан облысында 2027 жылдан бастап вакцинациялау ауқымын кеңейту жоспарланып отыр. Атап айтқанда, өңірдің барлық аудандарындағы үй жануарлары мен ауыл шаруашылығы жануарларына екпе салынады.Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ШҚО ветеринария басқармасының басшысы Рамиль Сағындықов мәлімдеді.

    Оның айтуынша, бұрын екпе жұмыстары негізінен ауру ошақтары анықталғаннан кейін жүргізілсе, енді өңірде барлық жеке аулалардағы жануарларды профилактикалық вакцинациямен кеңінен қамту жоспарланып отыр.

    «Облыстың шекаралас аудандарында жабайы жануарларға жүргізілген зерттеу нәтижесінде құтыру ауруының 10 жағдайы зертханалық жолмен расталды. Бұл профилактикаға ерекше назар аудару керектігін көрсетеді. Жабайы жануардың үй немесе ауыл шаруашылығы жануарларына ауру жұқтыруын күтпей, алдын алу шараларын жүргізу қажет», - деп түсіндірді Рамиль Сағындықов.

    Басқарма басшысының айтуынша, уақтылы вакцинациялау инфекцияның таралуына жол бермеудің негізгі тәсілдерінің бірі болып саналады. Екпе жануарлардың ауру жұқтыру қаупін азайтып, инфекцияның адамға берілуінің алдын алуға мүмкіндік береді.

    Дереккөз: ШҚО ӨКҚ

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі" жаңалықтары