Шығыс Қазақстан облысында заңсыз кен өндіру, алкоголь өнімдерін заңсыз сақтау, үлескерлер қаражатын мақсатсыз пайдалану және интернеттегі қаржылық құқық бұзушылықтар анықталды.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Экономикалық тергеп-тексеру департаменті Тергеу басқармасының басшысы Қуат Рахимбаев мәлімдеді.
Тиісті лицензиясыз кен өндіру, тасымалдау және өткізу дерегі бойынша қылмыстық іс сотқа жолданды. Қылмыстық жолмен алынған қаражатқа сатып алынған мүлік мемлекет кірісіне тәркіленіп, 1,053 млрд теңге залалды өндіру туралы талап қанағаттандырылды.
Өскеменде алкоголь өнімдерін заңсыз өндіру және сақтау үшін пайдаланылған төрт қойма анықталды. Сот қаулысымен мүлікті тәркілеу туралы шешім қабылданды.
Үлескерлер қаражатын мақсатсыз пайдалану дерегі бойынша құрылыс салушыларға қатысты іс сотқа жолданды. Қылмыстық жолмен алынған кіріс көлемі 1,2 млрд теңгені құрады.
Интернеттегі заңсыз қызметтерге қарсы күрес аясында 2025 жылы онлайн-казино мен құмар ойындарға қатысты 667 сілтеме бұғаттауға жіберіліп, 612-сі бұғатталды. 2026 жылдың басынан бері жолданған 155 сілтеменің 124-іне шектеу қойылды. Бұдан бөлек, қаржы пирамидалары мен заңсыз криптоайырбастау пункттерінің белгілері бар 300-ден астам сайт бұғатталды.
Департамент экономикалық құқық бұзушылықтардың жолын кесу және мемлекет пен азаматтардың қаржылық мүдделерін қорғау бағытындағы жұмысты жалғастыруда.
Дереккөз: ШҚО ӨКҚ
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









