Жеңіл табысқа қызығу – қылмысқа бастайтын қадам болуы мүмкін

    1 / 4

    Жеңіл табысқа қызығу – қылмысқа бастайтын қадам болуы мүмкін

    Әлеуметтік желідегі оңай ақша табу туралы ұсыныстар мен белгісіз адамдардың күмәнді хабарламалары кейде жасөспірімдерді қылмыстық әрекеттерге тартудың амалына айналады. Әсіресе есірткінің заңсыз айналымына араласуға үгіттейтін мұндай ұсыныстардың соңы ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін.

    Осы қауіптің алдын алу мақсатында Шығыс Қазақстан облысындағы мамандандырылған мектеп-интернатта 10–11-сыныптың 150-ден астам оқушысының қатысуымен профилактикалық дәріс өтті.

    Жасөспірімдер алдында ШҚО Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Динат Мусин сөз сөйлеп, есірткі қолданудың зардаптары, оны сақтау мен таратқаны үшін көзделген қылмыстық жауапкершілік туралы түсіндірді. Сондай-ақ интернет пен әлеуметтік желілер арқылы жастарды заңсыз әрекеттерге тартудың кең тараған тәсілдеріне тоқталды.

    Тақырыпты тереңірек ашу үшін ІІМ-нің есірткіге қарсы бейнероликтері көрсетіліп, оқушыларға арнайы жадынамалар таратылды.

    Мұндағы басты мақсат – жастардың құқықтық сауатын арттырып, күмәнді ұсыныстардың астарында қандай қауіп жатқанын ұғындыру. Өйткені оңай табысқа қызығып жасалған бір ғана қадам адамның болашағына балта шабуы мүмкін.

    Полиция жасөспірімдерді кез келген ұсынысқа сын көзбен қарауға, күмәнді табыс көздерінен аулақ болуға және өз болашағына жауапкершілікпен қарауға шақырады.

    ШҚО ПД баспасөз қызметі

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Шығыс Қазақстан облысының Полиция департаменті" жаңалықтары