ТАУАРЛАРДЫ АЛДЫН АЛА КЕДЕНДІК ДЕКЛАРАЦИЯЛАУ: ТӘРТІБІ МЕН АРТЫҚШЫЛЫҚТАРЫ

    Кедендік рәсімдерді жеңілдету және тауарларды кедендік ресімдеу уақытын қысқарту мақсатында заңнамада алдын ала кедендік декларациялау мүмкіндігі көзделген.

    Алдын ала декларациялау дегеніміз не?
    Алдын ала кедендік декларациялау – заңнамада көзделген жағдайларда тауарларды Еуразиялық экономикалық одақтың (ЕАЭО) кедендік аумағына нақты әкелгенге дейін немесе белгіленген межелі орынға жеткізгенге дейін тауарларға арналған декларацияны беру мүмкіндігі.
    Бұл рәсім сыртқы экономикалық қызметке (СЭҚ) қатысушыларға жүктің келуін күтпей-ақ, қажетті құжаттар мен тауарлар туралы мәліметтерді алдын ала дайындауға мүмкіндік береді.

    Алдын ала декларациялаудың артықшылықтары
    Алдын ала декларациялау СЭҚ қатысушыларына:
    • қажетті мәліметтерді алдын ала дайындауға;
    • ықтимал қателерді уақтылы анықтауға;
    • жүк келгенге дейін кедендік операцияларды ұйымдастыруға;
    • кедендік ресімдеу уақытын қысқартуға;
    • тауарлардың кідіріп қалу қаупін азайтуға мүмкіндік береді.

    Қандай мәліметтер көрсетілуі қажет?

    Алдын ала декларацияны беру кезінде декларант тауарлар туралы барлық қажетті мәліметтерді көрсетуге міндетті.
    Егер декларацияны беру кезінде жекелеген деректер объективті себептерге байланысты белгісіз болса, мысалы, көлік құралы немесе кейбір ілеспе құжаттар туралы мәліметтер, оларды белгіленген тәртіппен тауарлар шығарылғанға дейін кейінірек ұсынуға болады.
    Қажет болған жағдайда декларацияға тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі.

    Тауарлар келгеннен кейін не істеу қажет?

    Тауарлар келгеннен кейін декларант оларды тиісті кедендік бақылау аймағына орналастыруды қамтамасыз етіп, бұл туралы кеден органына хабарлауы қажет.
    Сондай-ақ жетіспейтін немесе нақтыланған мәліметтерді ұсыну не декларацияға өзгерістер енгізу қажеттілігінің жоқтығы туралы кеден органына хабарлау қажет.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Абай облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті" жаңалықтары