Сарқан ауданында «Ауыл аманаты» бағдарламасы ауыл тұрғындарының кәсіп бастауына тың серпін беріп келеді.
Бағдарлама аясында Қойлық ауылының тұрғыны Өнербек Әшімханұлы кооператив құрып, 2,5 пайыздық жеңілдетілген несие арқылы 35 млн теңге қаражат алған. Осы қаржыға 300 бас қой сатып алып, мал бордақылау кәсібін қолға алған.
Кәсіпкер үй ауласынан бастаған ісін кеңейтіп, бүгінде 300 басқа арналған арнайы қора салып, жем-шөп дайындауға арналған құрылғылар орнатқан. Қойларды Шығыс Қазақстан облысының Тарбағатай өңірінен сатып алған. Қазіргі уақытта жем-шөп қоры әзірленіп, көктемде бордақыланған малды ет түрінде Алматы қаласына жөнелту жоспарлануда. Сонымен қатар, екі азаматты тұрақты жұмыспен қамтып отыр.
«Ауыл аманаты» бағдарламасы бізге үлкен мүмкіндік берді. Алған қаражатқа 300 бас қой сатып алып, қажетті қора-жай мен құрал-жабдықтарды жасақтадық. Алдағы жылы мал басын 600-ге жеткізуді жоспарлап отырмыз. Іс бастаймын деген азаматтар үшін өте тиімді бағдарлама», – дейді Өнербек Әшімханұлы.
Айта кетейік, биыл Сарқан ауданында бағдарлама аясында 6 кооператив құрылған. Бұл – ауылдағы кәсіпкерлікті дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және тұрғындардың табысын арттыруға бағытталған маңызды бастама.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.







