Интернет-сауданың қарқынды дамуы тауарларды онлайн сатып алуды едәуір жеңілдетті. Алайда маркетплейстер арқылы сауда жасау кезінде өнімнің сапасы мен қауіпсіздігіне ерекше назар аудару қажет.
Ақмола облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті онлайн сауда кезінде тауардың бағасы мен сыртқы көрінісіне ғана емес, оның қауіпсіздігін растайтын құжаттардың болуына да мән беруді ескертеді.
Әсіресе балалар ойыншықтары мен киімдерін, парфюмериялық-косметикалық өнімдерді, тұрмыстық химия құралдарын, азық-түлік өнімдері мен биологиялық белсенді қоспаларды сатып алғанда сақтық танытқан жөн. Сапасыз және тиісті құжаттары жоқ өнімдердің құрамында қауіпті заттар болуы мүмкін. Олар аллергиялық реакцияларға, терінің тітіркенуіне және денсаулыққа өзге де кері әсерлерге әкелуі ықтимал.
Онлайн сауда кезінде қауіптің алдын алу үшін мынадай ұсынымдарды ескеріңіз:
* өнімнің ЕАС сәйкестік белгісінің болуына назар аударыңыз;
* өндіруші, өнім құрамы, жарамдылық мерзімі және сақтау шарттары туралы ақпаратты тексеріңіз;
* қажет болған жағдайда сатушыдан өнімнің қауіпсіздігін растайтын құжаттарды сұратыңыз;
* сатушы туралы мәліметтермен танысып, сатып алушылардың пікірлерін зерделеңіз;
* шығу тегі белгісіз және бағасы негізсіз төмен тауарларды сатып алудан бас тартыңыз.
Қаптамадағы ақпараттың толықтығына да назар аудару маңызды. Өндіруші, өнім құрамы және импорттаушы туралы мәліметтердің болмауы тауарды сатып алудан бас тартуға негіз болуы тиіс.
Есіңізде болсын: тауардың тартымды бағасы мен әдемі қаптамасы оның қауіпсіздігіне кепілдік бермейді. Онлайн сауда кезінде мұқият таңдау жасау – өз денсаулығыңыз бен отбасыңыздың амандығын қорғаудың маңызды шарты.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.








