COP31: Қазақстан орман өрттерінің алдын алу және ормандарды қорғау тәжірибесін халықаралық деңгейде таныстырды

    1 / 4
    17 қарашада Түркияның Анталья қаласында COP31 климаттық конференциясы аясында Қазақстанның ұлттық павильонында «Орман және дала өрттері, ормандар мен далалардың тозуы және оларды қалпына келтіру» тақырыбында халықаралық сессия өтті.

    Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің Мемлекеттік бақылау, ормандарды күзету және қорғау басқармасының басшысы Нияз Жолбарыс халықаралық алаңда еліміздің орман ресурстарын қорғау және табиғи өрттердің алдын алу бағытындағы тәжірибесін таныстырды.

    Баяндамада Қазақстанның орман қорын қорғау, орман өрттерінің алдын алу, олардың шығу қаупін төмендету және өртке қарсы іс-шаралардың тиімділігін арттыру мәселелері қамтылды.

    «Жасыл даму» АҚ ұйымдастырған халықаралық сессияға мемлекеттік органдардың, БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (ФАО), халықаралық ұйымдар мен ғылыми қауымдастықтың өкілдері қатысты.

    ФАО-ның Өрттерді басқару жөніндегі жаһандық орталығының аға маманы Эми Дюшель табиғи өрттерді басқарудың халықаралық тәжірибесімен бөлісті. Сондай-ақ ФАО сарапшысы Эрда Челер, Ыстанбұл Джеррахпаша университетінің профессоры Юсуф Серенгил және Табиғи апаттарға дайындық жөніндегі Азия орталығының өкілі Билл Хо өз тәжірибелерін таныстырды.

    Қатысушылар өрт қаупін ерте анықтау және ескерту жүйелерін дамыту, заманауи мониторинг технологияларын қолдану, табиғи өрттерге жедел ден қою және тозған экожүйелерді қалпына келтіру мәселелерін талқылады.

    Сонымен қатар орман және дала ландшафттарының климаттың өзгеруіне төзімділігін арттыру, табиғатқа негізделген шешімдерді енгізу және халықаралық ынтымақтастықты кеңейту бағыттарына ерекше назар аударылды.

    Сессия қорытындысында халықаралық тәжірибені Қазақстанда қолдану, ведомствоаралық өзара іс-қимылды жетілдіру және жергілікті қауымдастықтарды табиғатты қорғау жұмыстарына тарту мүмкіндіктері қарастырылды.

    Ормандарды қорғау, табиғи өрттердің алдын алу және экожүйелерді қалпына келтіру – еліміздің экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызды бағыттары.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті" жаңалықтары