Минскіде Қазақстан Президентінің халыққа Жолдауы талқыланды

    1 / 10

    Минск, 2026 жылғы 17 қараша– Беларусь Ұлттық кітапханасында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған «Қазақстанның жаңа тарихи циклдегі өзекті міндеттері» атты Жолдауына арналған «Қазақстан жаңа тарихи кезеңде» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

    Іс-шараға Беларусь Республикасының мемлекеттік және қоғам қайраткерлері, сарапшылар, ғылыми-академиялық және іскерлік топтардың, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері кеңінен қатысты.

    Дөңгелек үстелді ашқан Қазақстанның Беларусьтегі Елшісі Тимур Жақсылықов Жолдаудың негізгі бағыттарына жан-жақты тоқталып, соңғы жылдары елімізде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен заманауи сын-қатерлерге жауап ретінде ауқымды саяси және экономикалық өзгерістер дәйекті түрде жүзеге асырылып жатқанын атап өтті. Реформалардың басты мақсаты – елдің орнықты дамуына, мемлекеттілікті нығайтуға және азаматтардың әл-ауқатын жүйелі түрде арттыруға берік институционалдық және экономикалық негіз қалыптастыру.

    Т.Жақсылықов өз сөзінде екі ел басшыларының тұрақты назар аударуының арқасында қарқынды дамып келе жатқан Қазақстан мен Беларусь арасындағы стратегиялық әріптестіктің ерекше сипатын атап өтті.

    Өз кезегінде беларусь сарапшылары Жолдау Қазақстанның дамуындағы жаңа тарихи кезеңге жол ашатынын атап өтіп, екі ел арасындағы ынтымақтастықты кеңейту мүмкіндіктерін жоғары бағалады.

    Беларусь Республикасы Ұлттық жиналысы Республика Кеңесінің тұрақты комиссиясының төрайымы Наталья Павлюченко достық дәстүрлеріне, стратегиялық әріптестікке және екі мемлекет басшылары арасындағы сенімді қарым-қатынастарға негізделген қазақ-беларусь қатынастарының ерекше сипатына тоқталды. Ол Қазақстанда Құрылтайдың жаңа құрамының қалыптасуын ескере отырып, беларусь парламентшілерінің парламентаралық диалогты одан әрі дамытуға мүдделі екенін растады.

    Беларусь Республикасы Ұлттық жиналысы Өкілдер палатасының Заңнама жөніндегі тұрақты комиссиясының төрайымы Марина Ленчевская Қазақстан Президенті Жолдауының әлеуметтік бағыттылығына назар аударды. Атап айтқанда, Жолдауда ауқымды инфрақұрылымдық өзгерістер, ең алдымен, халықтың өмір сүру сапасын арттыру тұрғысынан қарастырылғанын атап өтті. Оның пікірінше, мұндай тәсіл Беларусьтің әлеуметтік-экономикалық даму басымдықтарымен көп жағдайда үндеседі.

    Беларусь Сыртқы істер министрлігінің өкілі Алексей Самосуев беларусь тарапы Қазақстандағы өзгерістерді зор ықыласпен қадағалап отырғанын айтып, өнеркәсіп, көлік логистикасы, энергетика салаларында ынтымақтастықты кеңейтуге және бірлескен технологиялық жобаларды дамытуға мүдделілігін білдірді.

    Беларусь саяси партияларының («Белая Русь», Республикалық еңбек және әділеттілік партиясы, Либералдық-демократиялық партия) өкілдері партияаралық байланыстарды орнатудың, екі елдің жастар ұйымдары арасындағы ынтымақтастықты кеңейтудің, ортақ тарихи жадыны сақтаудың, сондай-ақ аумақтық дамуды жоспарлау саласында өзара іс-қимылды дамытудың маңыздылығын атап өтті.

    Беларусь мемлекеттік университетінің профессоры Андрей Русакович Қазақстанның сыртқы саясатының дәйекті әрі прагматикалық сипатын, елдің өңірлік тұрақтылықты нығайтуға, халықаралық диалогты дамытуға және Еуразиядағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық архитектурасын қалыптастыруға қосқан үлесін атап өтті.

    «Минск диалогы» халықаралық қатынастар жөніндегі кеңесінің директоры Евгений Прейгерман Минск пен Астананың бір-бірінің табысты дамуына өзара мүдделі екенін атап өтті. Оның пікірінше, екі мемлекеттің мүдделерінің ортақтығы тек тарихи, мәдени және одақтастық байланыстармен ғана емес, сонымен қатар қазіргі халықаралық сын-қатерлерге бірлесіп жауап берудің объективті мүмкіндіктерімен де айқындалады.

    Өткен дөңгелек үстел қазақ-беларусь қатынастарын дамытуға деген өзара қызығушылықтың жоғары деңгейін және екі елдің мемлекеттік органдары, ғылыми мекемелері мен сарапшылық қауымдастықтары арасындағы ашық диалогтың маңыздылығын растады.

    Талқылау барысында айтылған идеялар мен ұсыныстар өзара тиімді әріптестікті кеңейтуге және екіжақты ынтымақтастықты жаңа практикалық мазмұнмен толықтыруға қосымша мүмкіндіктер ашады.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасының Беларусь Республикасындағы Елшілігі" жаңалықтары