Жезқазған қаласында заңсыз орналасқан, жерді жалға алу мерзімі аяқталған және иесіз қалған гараждарды бұзу бойынша жұмыстар басталды.
Бүгінгі таңда қала аумағында осындай 260 гараж анықталған. Алайда тексеру және түгендеу жұмыстары жалғасатындықтан, бұл көрсеткіш алдағы уақытта өзгеруі мүмкін.
Қараусыз қалған, тозығы жеткен гараждар қаланың сәулеттік келбетіне кері әсерін тигізіп, кейбір аумақтардың қоқыс алаңына айналуына себеп болуда.
Қазіргі уақытта Жезқазған қаласының жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімі гараж иелерін хабардар ету жұмыстарын жүргізуде. Нысандарға арнайы ескерту хабарламалары ілініп, иелеріне құжаттарын нақтылау және заңсыз орналасқан гараждарды өз еркімен бұзу мүмкіндігі беріледі.
Белгіленген мерзімде тиісті шаралар қабылданбаған жағдайда, жер учаскелерін босату мәселесі заңнамаға сәйкес сот тәртібімен шешіледі.
Босатылған аумақтар болашақта тұрғындардың игілігіне пайдаланылмақ. Олардың орналасуына қарай аллеялар, саябақтар, спорт кешендері мен басқа да қоғамдық нысандар салу мүмкіндігі қарастырылады.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.




