ЗАҢСЫЗ САЛЫНҒАН ҚҰРЫЛЫСТАРҒА БАҚЫЛАУ КҮШЕЙТІЛЕДІ

    1 / 14
    ЗАҢСЫЗ САЛЫНҒАН ҚҰРЫЛЫСТАРҒА БАҚЫЛАУ КҮШЕЙТІЛЕДІ
    Аудан аумағындағы қала, кент және ауылдық округтерде заңсыз салынған құрылыс нысандарын анықтау және олардың алдын алу мәселелерін талқылау мақсатында аудан әкімі Серік Үсенұлы Мамытовтың төрағалығымен арнайы жиын өтті.
    Жиында аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Мырзабек Әбішевтің баяндамасы тыңдалып, атқарылып жатқан жұмыстардың жай-күйі сараланды.
    Кездесу барысында рұқсат құжаттарынсыз салынған нысандарды анықтау, құрылыс заңнамасын бұзған азаматтарға тиісті ескерту беру, әкімшілік айыппұлдар салу, заңсыз құрылыстарды заң талаптарына сәйкес құжаттандыру, сондай-ақ, заңсыз салынған ғимараттарды сот шешімі негізінде бұзу мәселелері жан-жақты талқыланды.
    Аудан әкімі құрылыс саласында заң талаптарының қатаң сақталуы керектігін атап өтіп, бұл бағыттағы жұмыстардың тиісті деңгейде жүргізілмегенін сынға алды. Жұмыста орын алған кемшіліктерге байланысты бөлім басшысына ескерту жасап, анықталған олқылықтарды қысқа мерзім ішінде жоюды тапсырды.
    Сонымен қатар, қала, кент және ауылдық округ әкімдерімен бірлесіп, аудан аумағындағы заңсыз құрылыстарды анықтау жұмыстарын күшейтуді, әрбір нысанның заңдылығын зерделеп, тиісті шаралар қабылдауды міндеттеді.
    «Заңсыз құрылысқа жол бермеу – елді мекендердің сәулеттік келбетін сақтау, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құрылыс саласындағы заңдылықты нығайтудың маңызды шарты. Сондықтан, бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп, жауапты тұлғалардың жұмысы қатаң бақылауда болады» деді аудан басшысы.
    Жетісай ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Жетісай ауданы әкімінің аппараты" жаңалықтары