ЖЕТІСАЙДА ЖАСЫЛ ЖЕЛЕК КӨЛЕМІ АРТЫП КЕЛЕДІ

    1 / 21
    ЖЕТІСАЙДА ЖАСЫЛ ЖЕЛЕК КӨЛЕМІ АРТЫП КЕЛЕДІ
    «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында Жетісай ауданында кезекті ауқымды сенбілік ұйымдастырылып, аумақтарды тазарту және көгалдандыру жұмыстары жүргізілді.
    Тазалық шарасына аудан әкімі Серік Үсенұлы Мамытов бастаған мемлекеттік және квазимемлекеттік мекемелердің қызметкерлері, қоршаған ортаны қорғауға бейжай қарамайтын тазалық жанашырлары қатысып, аудан аумағындағы саябақтар, республикалық, облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының бойы, көпқабатты тұрғын үйлердің аулалары қатты тұрмыстық қалдықтардан тазартылды. Сонымен қатар, елді мекендердің көркін арттырып, экологиялық ахуалды жақсарту мақсатында 7 000 түп көшет отырғызылды.
    Жетісай ауданында жасыл желек көлемін ұлғайту бағытында өткен 2025 жылдың көктемгі және күзгі маусымдарында барлығы 52 600 түп көшет егілген. Оның 46 600 данасы «Шардара орман» мекемесінен жеткізілген қарағаш болса, 6 000 түбі – жергілікті саябақтардан алынған тұт пен клен көшеттері.
    Бүгінде көшеттер отырғызылған аумақ толықтай қоршалып, ағын сумен суғару жүйесі қамтамасыз етілген. Бұл жас көшеттердің жерсініп, жайқалып өсуіне мүмкіндік береді.
    Ал, биыл аудан аумағында тағы 47 000 түп көшет отырғызу жоспарланған. Оның 14 000 данасы көктем мезгілінде егілсе, қалған 33 000 данасын күзде отырғызу көзделіп отыр.
    «Тазалық пен тал егу – бір күндік науқан емес, келер ұрпақ алдындағы ортақ жауапкершілік. Сондықтан, ауданымызда жүзеге асып жатқан бұл жұмыстар елді мекендердің ажарын ашып қана қоймай, тұрғындарға қолайлы әрі таза орта қалыптастыруға бағытталған» дейді аудан басшысы.
    Жетісай ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Жетісай ауданы әкімінің аппараты" жаңалықтары