1 / 7
ҚАРОЙ ЕЛДІ МЕКЕНІ КӨГІЛДІР ОТЫНҒА ҚОСЫЛДЫ
Жетісай ауданында елді мекендерді табиғи газбен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстардың жүйелі түрде жүргізілуінің нәтижесінде Жаңа ауыл ауылдық округіне қарасты Қарой елді мекені көгілдір отынға қосылды. Бұл – ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын арттырып, елді мекеннің әлеуметтік-инженерлік инфрақұрылымын дамыту жолындағы маңызды қадам.
Тарихи сәтке орай ұйымдастырылған салтанатты шараға аудан әкімі Серік Үсенұлы Мамытов арнайы қатысып, ауыл тұрғындарын көптен күткен қуаныштарымен құттықтады.
Аудан басшысы өз сөзінде Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтың ауылдық аймақтарды дамыту жөніндегі тапсырмасына сәйкес елді мекендерді газдандыру, инженерлік инфрақұрылымдарды жаңғырту және тұрғындарға қолайлы жағдай жасау бағытындағы жұмыстардың қарқынды жүргізіліп жатқанын атап өтті.
«Расында, табиғи газ – ауыл өміріне айрықша серпін беретін игіліктің бірі. Көгілдір отынның келуі тұрғындардың күнделікті тұрмысын жеңілдетіп қана қоймай, уақыт пен қаражатты үнемдеуге, экологиялық ахуалды жақсартуға да оң ықпал етеді. Әсіресе, қыс мезгілінде отын қамын ойлап, күл шығарып, пеш жағудың машақатынан арылу – ауыл халқы үшін үлкен жеңілдік» деді аудан басшысы.
Айта кетейік, бүгінде аудандағы газдандыру жұмыстарының жүйелі түрде жүргізілуінің нәтижесінде 105 елді мекеннің 95-і табиғи газдың игілігін көріп отыр. Осылайша, ауданда көгілдір отынға қол жеткізген елді мекендердің үлесі 91 пайызға жеткен.
Ендігі мақсат – 2027 жылдың соңына дейін қалған елді мекендерді де көгілдір отынмен 100 пайыз қамтамасыз етіп, аудан аумағында газдандыру жұмыстарын толық аяқтау.
Жетісай ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









