Жамбыл облысының орталығы Тараз қаласында IT-лицей-интернатының жаңа оқу корпусы мен жатақханасы пайдалануға берілді. Заманауи білім беру кешені оқушыларға сапалы білім алуға, шығармашылық қабілеттерін дамытуға және жан-жақты жетілуге мүмкіндік береді.
Салтанатты ашылу рәсіміне облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов қатысып, өңір басшысының құттықтауын жеткізді.
Балауса шағынауданында орналасқан білім беру мекемесінде орын тапшылығын шешу мақсатында үш блоктан тұратын жаңа ғимараттар кешені салынды. Жоба аясында 300 орындық оқу корпусы, 300 орындық жатақхана, асхана мен спорт залы қарастырылған. Сондай-ақ акт залы мен кітапхана бар. Жер учаскесінің жалпы ауданы – 12 256,45 шаршы метр.
Бұған дейін лицей-интернаттың жатақханасы 45 орынға есептелген болатын. Жаңа ғимараттың іске қосылуы нәтижесінде жатын орын саны 345-ке дейін артады. Бұл шалғай аудандардан келетін дарынды балаларды қамтуға мүмкіндік береді.
Айта кетейік, IT-лицей-интернаты 2018 жылы ашылған. Содан бері білім ордасын 163 түлек тәмамдады. Олардың басым бөлігі ақпараттық технологиялар бағытын таңдап, отандық және шетелдік жоғары оқу орындарына түсті. Қазіргі таңда түлектер арасында Nazarbayev University, Cardiff University, University of Pisa секілді беделді университеттерде білім алып жатқандар бар.
Бүгінде лицейде 325 оқушы білім алып, 45 педагог қызмет атқарады.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









