Өскеменде жыл соңына дейін екі медициналық нысанды пайдалануға беру көзделіп отыр. Оның бірі - Ана мен бала орталығында қайта жаңғыртылып жатқан перзентхана. Екіншісі - Онкология және хирургия орталығындағы хирургиялық корпустың жаңартылған бөлімі.
ШҚО Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ерназ Мұқатаевтың айтуынша, алғашқы жоба Ана мен бала орталығының стационар ғимаратын перзентханаға бейімдеп, қайта жабдықтауды көздейді. Қазір нысанда әрлеу және инженерлік желілерді тарту жұмыстары аяқталуға жақын. Мамандар терезе жақтауларын әрлеп, бірінші қабатта электр монтаждау жұмыстарын жүргізуде. Екінші қабатта санитарлық-техникалық жабдықтар орнатылып, желдету жүйесі ретке келтірілуде. Бөлмелерді тазалау жұмыстары да қатар атқарылып жатыр.
Ал онкология және хирургия орталығының хирургия корпусында бірінші, екінші және үшінші қабаттағы бөлімдер жаңартылуда. Қазіргі уақытта медициналық жабдықтар мен жиһаздар жеткізіліп, орналастырылып жатыр.
Қазіргі таңда екі жобада да құрылыс жұмыстарының негізгі бөлігі аяқталған. Қалған жұмыстарды жыл соңына дейін тәмамдап, медициналық нысандарды пайдалануға беру көзделіп отыр.
Дереккөз: ШҚО ӨКҚ
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.








