Мүгедектік мынадай мерзімдерге белгіленеді:
Жеті жасқа дейінгі балаларға – 6 айға, 1 жылға, 2 жылға, 5 жылға немесе жеті жасқа толғанға дейін;
Жеті жастан он сегіз жасқа дейінгі балаларға – 6 айға, 1 жылға, 2 жылға, 5 жылға немесе он сегіз жасқа толғанға дейін;
Он сегіз жастан асқан адамдарға – 6 айға, 1 жылға, 2 жылға, 5 жылға немесе қайта куәландыру мерзімінсіз белгіленеді.
Мүгедектік қайта куәландыру мерзімінсіз мынадай жағдайларда белгіленеді:
1. Қайтымсыз анатомиялық ақаулар тізбесіне сәйкес, он сегіз жастан асқан адамдарға мүгедектіктің I тобы және (немесе) кәсіптік еңбекке қабілеттілігінен айырылу дәрежесі қайта куәландыру мерзімінсіз белгіленетін жағдайларда, сондай-ақ міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушының жалпы еңбекке қабілеттілігінен айырылу дәрежесі Кодекстің 207-бабының 1-тармағында көзделген жасқа жеткенге дейін белгіленетін жағдайларда.
2. Ағза функцияларында тұрақты, қайтымсыз өзгерістер мен бұзылулар болған, толық көлемде жүргізілген оңалту іс-шаралары, оның ішінде хирургиялық емдеу және (немесе) ағзаларды трансплантаттау нәтижесіз болған, мүгедектік тобы тұрақты сақталған және динамикалық бақылауда болған жағдайда:
I топтағы мүгедектігі бар адамдар үшін – кемінде 4 жыл;
II топтағы мүгедектігі бар адамдар үшін – кемінде 5 жыл;
III топтағы мүгедектігі бар адамдар үшін – кемінде 6 жыл.
Бұл ретте Қағидаларға 11-қосымшаға сәйкес мүгедектік 5 жыл мерзімге белгіленетін аурулар мен ақаулар тізбесінде көрсетілген жағдайлар бұған кірмейді.
3. Кодекстің 207-бабының 1-тармағында көзделген зейнеткерлік жасқа жеткен адамдарға оңалтудың қолайсыз болжамы болған жағдайда.
Мүгедектік 5 жыл мерзімге он сегіз жастан асқан адамдарға Қағидаларға 11-қосымшаға сәйкес мүгедектік 5 жыл мерзімге белгіленетін аурулар мен ақаулар тізбесі негізінде белгіленеді.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.








