1 / 16
Шардара аудандық мәдениет сарайында «Қазақ аналары – дәстүрге жол» аудандық қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен өнер иелері Ақілгек Мұсаева мен Несібелі Шәменованың шығармашылық жолының 15 жылдығына арналған «Дәурен-ай» атты мерекелік концерт өтті.
Ұлттық өнерді ұлықтап, қазақы дәстүрді дәріптеуді өмірлік ұстанымына айналдырған қос анаға арналған кеш ән мен жырға, ақжарма тілек пен жүрекжарды лебізге толы болды. Өнердің өнегесін өмірімен өрнектеген Ақілгек пен Несібелі аналардың орындауындағы әсем әндер көрермен көңілін тербеп, көпшілікке ерекше рухани әсер сыйлады.
Мерекелік шараға қатысқан Шардара ауданы әкімінің орынбасары Каратунов Еркебұлан Абдуғафурұлы қос өнер иесін шығармашылық белестерімен құттықтап, ұлттық мәдениетті дамытуға, рухани құндылықтарды дәріптеуге қосып жүрген еңбектеріне ізгі тілегін білдірді. Сонымен қатар, аудан әкімінің Алғыс хаты мен сый сыйапаттарын табыстады.
Кештің қадірлі қонақтары қатарында Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Түркістан облысының Құрметті азаматы, ақын-жазушы Ханбибі Есенқарақызы, композитор Құралай Сәтмұханбет және ақын Төлеген Айбергеновтің қызы Салтанат Айбергенова болды. Қонақтар жүрекжарды лебіздерін білдіріп, өлең мен әннен шашу шашты.
Концерт барысында қазақтың дәстүрлі әндері шырқалып, ұлттық өнердің қадір-қасиеті кеңінен дәріптелді. «Асыл Аналар» ансамблінің өнері де кештің ажарын аша түсті.
Он бес жыл — өнерге адалдықтың, ел ықыласына бөленген еңбектің және үзілмеген шығармашылық ізденістің белесі. Қос ананың өнер жолы — жас ұрпаққа үлгі, ұлттық құндылықтарды ұлықтауға қосылған сүбелі үлес.
Әндеріңіз әуелеп, өнерлеріңіз өркендей берсін, аяулы аналар! Дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық, шығармашылық жолдарыңызға толағай табыс тілейміз!
Өнерлеріңіз өрге жүзсін, дәстүріміз дәріптеле берсін!
Шардара ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









