Абай облысында тұрғындардың, әсіресе жастар мен әлеуметтік тұрғыдан осал топ өкілдерінің, діни экстремизм мен терроризмнің алдын алуға, деструктивті діни ағымдардың ықпалына қарсы иммунитет қалыптастыруға және ақпаратты сыни тұрғыдан саралау дағдыларын дамытуға бағытталған «Қауіпсіз сана» керуені жобасы жүзеге асырылды.
Жоба Абай облысының Дін істері басқармасының «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ тапсырысы аясында ұйымдастырылған.
Жоба аясында облыстың бірқатар аудандарында 12 көшпелі кездесу ұйымдастырылып, 2000-ға жуық тұрғын ақпараттық-түсіндіру жұмыстарымен қамтылды. Кездесулердің көшпелі форматта өткізілуі шалғай елді мекен тұрғындарымен тікелей байланыс орнатып, өзекті мәселелерді жергілікті жерде талқылауға мүмкіндік берді.
Іс-шараларға Республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелері Тимур Нүсіпханұлы мен Саян Аднанбекұлы қатысып, тұрғындарға діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу, деструктивті діни ағымдардың белгілері мен ықпал ету тәсілдері, радикалды идеологияның қоғам мен жеке тұлғаға төндіретін қауіптері туралы жан-жақты түсіндірді. Сонымен қатар интернет кеңістігіндегі діни мазмұндағы ақпаратты дұрыс бағалау, күмәнді ақпарат көздерін ажырату және арандатушылық сипаттағы материалдарға сын көзбен қарау мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Кездесулер ашық диалог форматында өтіп, қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, білікті мамандардан нақты жауаптар алды. Әсіресе жастар арасында діни ақпаратты талдау, жалған діни уағыздардың ықпалынан сақтану және өз құқықтары мен заң алдындағы жауапкершілікті білу тақырыптары кеңінен талқыланды.
«Қауіпсіз сана» керуенінің басты ерекшелігі - тұрғындарға ақпарат берумен ғана шектелмей, олардың саналы таңдау жасауына, күмәнді ақпаратты ажырата білуіне және түрлі теріс идеологиялық ықпалдарға қарсы тұруына қажетті білім мен түсінік қалыптастыру.
Жоба нәтижесінде өңір тұрғындарының діни-құқықтық сауаттылығын арттыруға, ақпараттық қауіпсіздік мәдениетін нығайтуға және қоғамда радикалды идеологияларға қарсы тұрақты көзқарас қалыптастыруға бағытталған маңызды жұмыстар жүргізілді.
Материал Абай облысының ТҚК ақпараты негізінде дайындалды
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









