«BEREL» волейбол клубы ҚР чемпионатының әйелдер арасындағы Ұлттық лигасында 1 орын иеленді

    Өскемен қаласының «BEREL» волейбол клубы Қазақстан Республикасы чемпионатының әйелдер арасындағы Ұлттық лигасында сәтті өнер көрсетіп келеді. Төртінші турдың қорытындысы бойынша команда турнир кестесінде бірінші орында тұр және осы маусымда әзірге бірде-бір рет жеңіліс таппаған жалғыз ұжым болып отыр.

    Төрт турдан кейін чемпионатқа қатысушы барлық команда сегіз ойыннан өткізді. «BEREL» тұрақты нәтижелерінің арқасында турнир кестесіндегі көшбасшылық орнын сақтап келеді.

    Төртінші турдағы маңызды кездесулердің бірі Талдықорғанның «Жетісу» командасына қарсы өтті. 14 және 15 қараша күндері өткен екі матчта да өскемендік волейболшылар жеңіске жетті.

    Алғашқы кездесу тартысты өтіп, бес партияға созылды. «BEREL» тай-брейкте 3:2 есебімен жеңіске жетті. Ал екінші ойында Өскемен командасы басымдығын тағы бір мәрте дәлелдеп, қарсыласын үш партияда 3:0 есебімен ұтты.

    «BEREL» командасының бас бапкері Халук Коркмаз жеңістің негізгі факторлары қорғаныстағы сенімді ойын мен тосқауыл қоюдағы нәтижелілік болғанын атап өтті. Бапкердің айтуынша, алғашқы кездесуде допты ойынға қосу кезінде қиындықтар болғанымен, екінші матчқа дейін бұл бағыттағы ойын түзетілді. Сондай-ақ ол «Жетісу» командасының жоғары деңгейін атап өтіп, қарсыластың елдегі ең мықты ұжымдардың бірі екенін жеткізді.

    «Жетісу» мен «BEREL» командалары арасындағы кездесулердің қорытындысы бойынша өскемендік клубтың ойыншысы Ольга Скрипак матчтың үздік ойыншысы атанды.

    «BEREL» келесі ойындарын 28–29 қараша күндері турнир кестесінде екінші орында тұрған «Қуаныш» командасына қарсы өткізеді. Алдағы кездесулер чемпионат көшбасшыларының өзара тартысы болмақ және турнир кестесіндегі жоғарғы орындар үшін күресте маңызды кезеңге айналады.

    Бұл матчтар «BEREL» үшін көшбасшылық орнын нығайтып, жеңіліссіз сериясын жалғастыруға мүмкіндік береді. Шығыс Қазақстанның намысын қорғап жүрген команда ел волейболының басты додасында жоғары нәтижелер көрсетуді жалғастыруда.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі" жаңалықтары