ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Райхан Братаева Целиноград ауданына жұмыс сапарымен барып, жоғары оқу орнын сәтті аяқтаған соң мемлекеттік қызметке конкурстық іріктеусіз қабылданған жас мамандармен арнайы кездесу өткізді.
Еркін әрі ашық форматта өрбіген жүздесу барысында жас мемлекеттік қызметшілердің кәсіби бейімделуі мен әлеуметтік ахуалына ерекше назар аударылды. Райхан Братаева түлектердің еңбек жолында кездесетін өзекті сұрақтарына жан-жақты жауап беріп, олардың тұрмыстық жағдайы, баспанамен қамтылуы және жұмыс орнындағы тәлімгерлік мәселелері бойынша практикалық кеңестерімен бөлісті. Мемлекет тарапынан ауылдық жерлерге тартылған білікті кадрларға жан-жақты қолдау көрсетіліп, олардың әлеуметтік жағдайы мен кәсіби өсуі тұрақты бақылауда болатыны атап өтілді.
Айта кету керек, бүгінде Ақмола облысының мемлекеттік органдарына конкурссыз тетік арқылы жалпы саны 75 жас түлек қызметке тағайындалған. Оның ішінде 15 жас маман Целиноград ауданының мемлекеттік органдарында өз еңбек жолдарын бастап, өңірдің дамуына үлес қосуда.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









