Павлодардың Ақпараттық технологиялар жоғары колледжі Ухань бағдарламалық қамтамасыз ету және инженерия кәсіптік колледжімен бірлескен қос дипломды білім беру бағдарламасы туралы шарт жасасты.
Жаңа қос дипломды бағдарламаны іске асыру үшін Қазақстанның Оқу-ағарту министрлігі эксперимент жүргізу туралы тиісті бұйрық шығарады. Жоба Оқу-ағарту министрлігінің Техникалық және кәсіптік білім беру департаментінің қолдауымен қазақстандық колледждерді интернационалдандыру бойынша ауқымды жұмыс шеңберінде іске асырылуда. Еске сала кетейік, бірінші кезеңде жобаға еліміздің ең мықты 10 колледжі тартылды.
Павлодар және Ухань колледждері арасындағы шартқа қол қою Павлодар облысының әкімі Асайын Байхановтың тапсырмасы бойынша жүргізіліп жатқан Казахстан-Китай ынтымақтастығын дамыту жөніндегі жүйелі жұмыстың нәтижесі болды. Бірлескен білім беру бастамаларын іске асыруға 2026 жылғы қыркүйекте кәсіби шеберлік бойынша WorldSkills Shanghai әлем чемпионатының алаңында Павлодар облысының білім беру басқармасы мен KidsGO Technology Ltd компаниясы арасында жасалған меморандум негіз болды.
Павлодар облысындағы алғашқы бірлескен қос дипломды бағдарламаны іске асыру туралы келісім бұған дейін қол жеткізілген уағдаластықтарды тәжірибелік деңгейге көшіріп, бүкіл өңірлік білім беру жүйесі үшін маңызды оқиғаға айналды. Бұл өңір жастарына заманауи кәсіби білім алуға, озық цифрлық технологияларды меңгеруге және халықаралық деңгейде мансап құруға жаңа мүмкіндіктер ашады.
Қол жеткізілген уағдаластықтар Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған 2026 жылы - Цифрландыру және жасанды интеллект жылында ерекше маңызға ие болып отыр. IT-секторды дамыту, инновациялық технологияларды енгізу және жаңа буын мамандарын даярлау еліміздің аса маңызды басымдықтарының қатарында айқындалған. Халықаралық білім беру жобаларын іске асыру цифрлық экономиканың кадрлық әлеуетін қалыптастыруға жағдай жасай отырып, осы міндеттерге тікелей жауап береді.
Шартқа қол қою рәсімі Қытайдың Ухань қаласында Білім мен өнеркәсіп интеграциясын дамыту стратегиясы жөніндегі XIII халықаралық форум (IFIE) аясында өтті. Ауқымды алаң мемлекеттік органдардың өкілдерін, оқу орындарының басшыларын, ғалымдарды, сарапшыларды және жоғары технологиялық компаниялардың өкілдерін біріктірді. Шетелдік қатысушылардың қатарында Қазақстан, Ресей, Финляндия және Индонезия делегациялары болды.
Айта кетейік, павлодарлық ІТ-колледждің Қытайдың білім беру ұйымдарымен ынтымақтастығы бірнеше жылдан бері дамып келеді. Мәселен, кәсіби тәжірибе алмасу аясында Ақпараттық технологиялар жоғары колледжінің төрт педагогі Ухань қаласындағы білім беру мекемелерінде оқудан және тағылымдамадан өтіп, оқытудың заманауи әдістемелерімен және мамандарды практикалық даярлауды ұйымдастыру тәжірибесімен танысты.
Жаңа келісім осы тәжірибені Қытайдың жетекші кәсіптік оқу орындарының бірінің білім беру және технологиялық ресурстарымен біріктіруге мүмкіндік береді. Осындай ауқымды жобаны іске асыру үшін павлодарлық колледж қажетті әлеуетке ие. Оқу орнының City & Guilds (Ұлыбритания) халықаралық аккредитациясы бар, Жасанды интеллект жөніндегі Қазақстан-Қытай колледждер альянсының қатысушысы, цифрлық экономика үшін кадрлар даярлау ісін жүйелі түрде дамытып келеді.
Ухань бағдарламалық қамтамасыз ету және инженерия кәсіптік колледжі (Wuhan Vocational College of Software and Engineering) –1951 жылы ашылған, бай тарихы бар мемлекеттік оқу орны. Бүгінде мұнда 46 мамандық бойынша 13 мыңнан астам студент білім алуда, ал оқу үдерісін шамамен 1,3 мың қызметкер қамтамасыз етеді. Колледждің төрт кампусы бар, олардың бірі жоғары технологиялар мен инновацияларды дамытудың ірі қытайлық орталығы – Уханьның әйгілі «Оптикалық алқабында» орналасқан. Оқу орны Қытайдың кәсіптік білім беру саласындағы танымал көшбасшыларының қатарына кіреді, халықаралық ынтымақтастықты және индустриялық серіктестермен өзара іс-қимылды белсенді дамытуда.
Бірлескен қос дипломды бағдарлама жасанды интеллект, машиналық оқыту, деректерді талдау, DevOps және интеллектуалдық бағдарламалық жүйелер саласында тереңдетілген даярлықпен «Бағдарламалық қамтамасыз ету» мамандығы бойынша іске асырылады. Оның басты ерекшелігі – студенттерге заманауи технологиялар мен халықаралық тәжірибені пайдалана отырып, кәсіби құзыреттерді меңгеруге мүмкіндік беретін екі елдің білім беру ресурстарын интеграциялау.
Білім беру бағдарламасының 60%-ға дейінгі бөлігін қамтитын практикалық құрамдас бөлікке ерекше назар аударылмақ. Сабақтарды күндізгі де, онлайн форматта да өткізу, зертханалық жұмыстар, бірлескен жобаларды орындау, қытайлық колледж оқытушыларымен өзара іс-қимыл жасау, сондай-ақ студенттер мен педагогтердің тағылымдамадан өтуі көзделген. Кәсіптік даярлықты ұйымдастыруда Қазақстан мен Қытай оқу орындарының индустриялық серіктестері болып табылатын кәсіпорындар маңызды рөл атқаруы тиіс. Білім беру бағдарламасының бір бөлігін Павлодарда, ал бір бөлігін ҚХР-да іске асыру жоспарлануда. Мұндай тәсіл студенттерге теориялық білім алып қана қоймай, өндірістік ортамен, заманауи технологиялық шешімдермен және халықаралық еңбек нарығының талаптарымен танысуға мүмкіндік береді.
Оқыту ағылшын тілінде жүргізіледі, сондықтан бағдарламаға қатысу шарттарының бірі – тілдік даярлықтың қажетті деңгейін растау. Ағылшын тілін меңгеру деңгейін арттыруды қажет ететін студенттер үшін қосымша оқыту мүмкіндігі қарастырылуда. Алғашқы қабылдау 2027-2028 оқу жылына жоспарланған. Қазіргі уақытта тараптар жобаны іске асыру тетіктерін келісуді жалғастыруда.
Ынтымақтастықтың перспективалары қос дипломды білім берумен ғана шектелмейді. Одан әрі бірлескен жұмыс бағыттарының қатарында Павлодарда екі елдің оқытушылары, студенттері және жоғары технологиялық кәсіпорындары өкілдерінің қатысуымен білім беру, зерттеу және қолданбалы жобаларға арналған алаңға айнала алатын халықаралық жасанды интеллект зертханасын құру мәселесі қарастырылуда.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









