Ақтауда мемлекеттік қызметшілерге арналған жиын өтті

    1 / 7

    Бүгін, 13 қарашада Ақтау қаласының әкімдігінде Ақтау қаласы әкімінің аппарат басшысы, Әдеп жөніндегі уәкіл Асқар Нұржаубайдың төрағалығымен мемлекеттік қызметшілер арасында заңдылықты сақтау, құқық бұзушылықтардың алдын алу, қызметтік әдеп талаптарын орындау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мәселелері бойынша жиын өтті.

    Жиынға Ақтау қаласы Полиция басқармасы, ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің өкілдері мен қала әкімдігінің мемлекеттік қызметшілері қатысты.

    Кездесу барысында мемлекеттік қызметшілердің заңнамада белгіленген шектеулер мен тыйымдарды сақтауы, Әдеп кодексінің талаптарын орындауы, әкімшілік және қылмыстық құқық бұзушылықтарға жол бермеуі мәселелері талқыланды.

    Сондай-ақ, мемлекеттік қызметшілердің қызметтік міндеттерін орындау кезінде ғана емес, қызметтен тыс уақытта да заң талаптарын сақтауы қажеттігі атап өтілді. Әкімшілік және қылмыстық құқық бұзушылықтарға жол беру мемлекеттік қызметшінің жеке беделіне ғана емес, мемлекеттік органның абыройы мен қоғамның мемлекеттік қызметке деген сеніміне кері әсер ететіні ескертілді.

    Сонымен қатар әлеуметтік желілерде қызметтік әдепке қайшы жарияланымдар жасамау, қоғамдық орындарда тәртіп сақтау және көлік жүргізу кезінде жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтау қажеттігі ескертілді.

    Жиын қорытындысында әрбір мемлекеттік қызметші қызметтік міндеттерін атқаруда да, күнделікті өмірде де заң талаптарын сақтап, өз әрекеттері үшін жеке жауапкершілікті сезінуі тиіс екені атап өтілді.

    Ақтау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Ақтау қаласы әкімінің аппараты" жаңалықтары