Ақтөбе қаласында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығына орай «Жаңа дәуір – жасампаз ел» атты республикалық ақындар айтысы өтті. Ұлттық өнерді ұлықтаған додада еліміздің әр өңірінен келген айтыскерлер қатысты.
Айтыстың тізгінін белгілі ақын Аманжол Әлтай ұстады. Ал қазылар алқасына Қазақстанның Халық жазушысы, белгілі ақын Жүрсін Ерман төрағалық етті.
«Жаңа дәуір – жасампаз ел» тақырыбында өткен айтыста ақындар Конституциялық қағидаттар: «Әділетті Қазақстан», «Заң мен тәртіп», «Адал азамат», «Таза Қазақстанды» жырларына арқау етті. Ел бірлігі, қоғамдық жауапкершілік, ұлттық құндылықтар мен жасампаздық идеяларын ұмыт қалдырмады.
Айтыс қорытындысы бойынша бас жүлде Ақтөбе облысының ақыны Нұрбол Жауынбаевқа бұйырды. Ол 2 миллион теңге көлеміндегі қаржылай сыйлықпен марапатталып, 4–5 желтоқсанда Астана қаласында өтетін «Алтын домбыра» республикалық ақындар айтысына жолдама алды.
Бірінші орынды Абай облысынан келген Рүстем Қайыртай иеленіп, 1,5 миллион теңге алды. Екінші орынға тігілген 1 миллион теңге Ақтөбе облысының ақыны Аруна Керімбекке бұйырды. Үшінші орынды Қызылорда облысының өкілі Мейірбек Сұлтанхан мен Павлодар облысының ақыны Рауан Қайдар бөлісті. Әрқайсысына 750 мың теңгеден табысталды.
Сонымен қатар Маңғыстау облысынан Абай Жолмағанбетов пен Ақтөбе облысынан Жұлдыз Қожабекова Нұрпейіс Байғанин атындағы арнайы сыйлыққа ие болды. Әр ақынға 600 мың теңгеден берілді.
Ал Солтүстік Қазақстан облысынан Қабдолла Бейісхан, Атырау облысынан Батыржан Қадырбай және Түркістан облысынан Нұрдәулет Өмірбек 500 мың теңге көлеміндегі арнайы сыйлықпен марапатталды.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









