2026 жылғы 12 қарашада Қазақстанның Астраханьдағы Бас консулы Қанат Хасенов Дағыстан Республикасында өтіп жатқан IV Халықаралық Каспий цифрлық форумының салтанатты ашылуына қатысты.
Диалог алаңы 2 мыңға жуық қатысушыны, оның ішінде жоғары технологиялар саласындағы сарапшыларды, ғылыми қоғамдастық, іскер топтар мен мемлекеттік билік органдарының өкілдерін біріктірді.
Ашылу салтанаты аясында Қанат Хасенов қатысушыларды Қазақстанның цифрландыру саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарымен таныстырып сөз сөйледі. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес елімізде 2026 жыл цифрландыру және жасанды интеллект жылы болып жарияланғаны атап өтілді.
Бас консул өз сөзінде Қазақстанның цифрлық трансформациясының, оның ішінде жасанды интеллектті дамыту, цифрлық инфрақұрылымды жетілдіру, отандық IT-индустрияны қолдау және мемлекеттік басқару мен экономика салаларына заманауи технологияларды енгізу бойынша негізгі жетістіктері мен басымдықтары туралы баяндады.
Қазақстан Республикасы Президентінің 2026 жылғы 28 қазандағы «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» Жолдауының цифрлық трансформация және жасанды интеллектті енгізу, заманауи цифрлық экожүйені қалыптастыру, инфрақұрылымды жаңғырту және еліміздің транзиттік-көліктік әлеуетін нығайту жөніндегі басымдықтарды айқындайтын негізгі ережелеріне ерекше назар аударылды.
Бұдан бөлек, бірлескен жобаларды дамыту, озық тәжірибе алмасу және Каспий маңы мемлекеттері арасындағы технологиялық әріптестікті нығайту үшін елеулі әлеуетке ие Каспий өңірінде цифрландыру және жасанды интеллект саласындағы халықаралық ынтымақтастықты кеңейтудің маңыздылығы жеке атап өтілді.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









